Елбасы Қырғызстан Президенті Әкімшілігінің басшысын қабылдады

Елбасы Қырғыз Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровты қабылдады.

Кездесуде бауырлас елдердің тарихи тұрғыда жақындығы атап өтілді. Әрі мәдени-гуманитарлық байланысты нығайта түсудің маңыздылығына назар аударылды. Елбасы Қырғызстан жастарының еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алуы үшін грант бөлу мүмкіндігі туралы айтты. Қырғыз Министрлер кабинетінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қырғызстан халқына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдіріп, Садыр Жапаровтың ізгі тілегін жеткізді. Тұңғыш Президенттің басшылығымен тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қол жеткізген табыстарына ерекше тоқталып, екі ел арасындағы тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Қызметке келгенің құтты болсын! Табыс тілеймін. Аманшылық тілеймін! Мен Президенттердің барлығымен жақсы қарым-қатынаста болдым. Жақын болдым. Қолымнан келгенше көмек жасадым. Ақылымды бердім. Бірге туған халықпыз. Осы жылдардың ішінде оңай болған жоқ. Аманшылық, тыныштық болса, елге жақсы болса деп ойлап отырмыз. Қолдан келгенше көмектесеміз. Жаңа біздің Президентпен кездесіп шыққан шығарсың. Бұл арада қазақ пен қырғыздан басқа жақын ел жоқ. Оны елдің бәрі біле бермейді. Бұрын ақын-жазушыларымыз кездесіп тұрушы еді. Мәдениет жағынан жақсы еді. Соның бәрін орнына келтіру керек еді. 

Ақылбек Жапаров Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы – министрлер кабинетінің төрағасы:

- Рақмет, Нұрсұлтан Әбішұлы. Біріншіден ұшырасқанымыз үшін. Сіздің батаңызды алу үшін келдік. Қазақстанның 30 жылдық егемендігі жақындап қалды. Сіз өлкені дүние жүзіне дүркіретіп, бүкіл Қазақстанға қызмет қылдыңыз. Біздің Қырғыз еліне жақсылықтар беріп келе жатасыз. Бүгін Асқар Ұзақбаевичпен де, Президент Тоқаевпен де жолығысып, біз де осындай өлке боламыз ба деп сізге келіп отырмыз. Біздің Президент Нұрсұлтан Әбішұлына сәлемімді айтып қойсаң деді. Келесі жылы сөзсіз келемін деп еді. Рақмет сізге, қабыл алғаныңызға. Бұйырса меморандумдарға қол қойдық.