Берлин Еуразиялық клубының кезекті отырысы өтті

Германия астанасында Берлин Еуразиялық клубының 33-отырысы өтті. Бұл алаң 2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған.

Содан бері біздің ел мен Еуропа мемлекеттері өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолында біраз іс атқарды. Бұл жолы кездесуге қатысушылар Қазақстанның даму жолындағы жетістіктерін талқылады. Іс-шара барысында Алман елімен арадағы қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету жағы әңгімеге арқау болды. Қазақ-неміс саясаткерлері мен инвесторлары, еуропалық бизнес-қауымдастық өкілдері қатысқан жиында баламалы қуат көздерін дамыту, экономиканы цифрландыру мен пандемия уақытында бизнесті дамыту жолдары сөз болды.

Ержан Қазыхан, ҚР Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі:

- Германия Қазақстанның Еуропадағы ең ірі инвестициялық серіктесі екені сөзсіз. 30 жыл ішінде біздің сауда-экономикалық байланысымыз едәуір нығайды. Бүгін біз алдағы 30 жылға бағытталған сауда-саттық, инвестиция мен экономика салалары бойынша серіктестік орнату жағын талқыладық.  

Михаэль Хармс, Германия экономикасы Шығыс елдері комитетінің атқарушы директоры:

- Қазақстан біз үшін Орталық Азиядағы ең маңызды мемлекет. Берлин Еуразиялық клубы Еуропа мен Азияның өзара қарым-қатынасында ғана емес, қазақ-неміс байланысының орнауына да айтарлықтай септігін тигізді. Неміс бизнесі Қазақстанда жұмыс істеуге өте мүдделі. Мұны осы шараға қатысушылардан байқауға болады. Кездесуге ірі компаниялардың басшыларынан бөлек орта бизнес өкілдері де қатысты. Меніңше, елдеріңізге тікелей инвестиция тарту үшін тараптар одан әрі қарқынды жұмыс істеуі керек.