БҰҰ: Бейбітшілікті қолдаудағы іс-әрекеттер жүзеге асты

ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері Сеулде бітімгершілік мәселелері бойынша өткен БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің саммитіне қатысты, деп хабарлайды Хабар 24. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара шеңберінде БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін одан әрі дамыту жолдары зерделеніп, 2018 жылғы наурызда БҰҰ Бас хатшысы «Бейбітшілікті қолдаудағы іс-әрекеттер» жөніндегі ұсыныстарының іске асырылуы қорытындыланды.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов конференцияға қатысушыларды Қазақстанның бейбітшілікті қолдауда атқарып жүрген қызметі туралы хабардар етіп, еліміздің бұл ұйымның бітімгершілік операцияларына белсенді қатысып жүргенін атап өтті.
Бұдан өзге, ол еліміз қазақстандық бітімгерлер үшін қосымша квоталар алуға, елдің бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысу ауқымын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.