ЕАЭО ішінде тауар тасымалындағы кедергілерді азайтуымыз керек – Қ.Тоқаев

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп, микрочип және компьютер бөлшектерін шығаратын кәсіпорын салуы керек. Сондай-ақ тауар тасымалындағы кедергілерді азайтып, Азия мен Еуропаны жалғайтын күре жолдардың мүмкіндігін тиімді пайдалануы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында осындай ұсыныс жасады. Бейнеконференция форматында өткен жиында жылдың қорытындылары да жарияланды. 

Коронавирус пандемиясы кесірінен одаққа мүше бестіктің басшылары бұл жолы да бейнеконференция форматында бас қосты. Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға ризашылығын білдіріп, жыл ішінде атқарылған істердің қорытындысын баяндады. Себебі биыл кеңеске Қазақстан төрағалық етті. Әлем елдерін әбігерге салған коронавирус Еуразиялық экономикалық одаққа да оңайға соқпағаны белгілі. Десе де бірлескен жұмыстардың арқасында бес елдің арасындағы алыс беріс 9 айда 52 миллиар долларға жетті. Президент Одақтың төрағалығына кіріскен кездегі бірлескен жұмыстардың бес бағытына, атап айтқанда, өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, өзара саудадағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытудың басты бағыттары айқындалды. Бұл құжат қысқа мерзімде өндірістік кооперацияны дамытуға негіз болады. 2021-2023 жылдар аралығында көлік саясатын жүзеге асырудың жоспары бекітілді. Құжатта трансшекаралық дәліздерді дамыту, яғни Еуразиялық экономикалық одақтың жолдарын әлемдік желіге қосып, одақ ішілік дәліздер жалғанады. Транспорт саласында ғылым мен инновацияны дамытыу бойынша ауқымды мақсат қойылды.

Биыл одақ азаматтарына бес елдің еңбек нарығындағы бос орындар енгізілген цифрлық жүйе іске қосылды. Сондай-ақ «Ковид 19-сыз саяхатта» бағдарламасы жасалып, азаматтардың еркін қозғалуына мүмкіндік берді. Үшінші елдер мен ұйымдар арасында ынтымықтастық туралы келісімдер жасалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шілдеден бастап одақ Сербиямен еркін сауда айналымы туралы келісім күшіне енді. Одақ Комиссияы Анд ұйымымен бірлесіп, бәсекелестік саласында ынтымақтастықты арттыруға уағдаласып, Өзбекстан үкіметімен меморандумға қол қойды. Шанхай ұйымымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ислам ұйымымен азық-түлік қауіпсіздігі бойынша келісті. Біріккен Ұлттар ұйымы және Орталық Америка хатшылығымен экономикалық интеграция бойынша уағдаласты.

Осылайша Қазақстан төрағалығының тұсында атқарылған жұмыстарды бір саралап өткен Президент алдағы уақытта мән берілуі тиіс маңызды бағыттарды атап, Одақ елдері бірлесіп, микрочип өндірісін бастауды ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев одақтың машина құрастыру саласына жаңа бірлескен кәсіпорын қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осыған байланысты үкіметтерімізге ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік құралдар шығару жөніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсыру ұсынылады. Кәсіпорындарымыздың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік база құру қажет, ал содан кейін экспортты жолға қоюға болады.

Президенттің бұл ойымен Беларусь басшысы Александр Лукашенконың бастамалары да ұқсас. Бірлескен кәсіпорындар құру - одақ мүшелерінің стратегиялық мақсаты. Оның үстіне, қазір Беларусь үшін қиын кезең. Мемлекетке сыртқы нарықтардан сан түрлі санкциялар салынып жатыр. Импортты алмастыруға Беларусь бизнесі де мүдделі.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

– Әріптесім Қасым-Жомарт Тоқаевқа және биыл кеңеске төрағалық еткен Қазақстанға атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Біздің елдер қабылдаған стратегияға сәйкес бірлескен кәсіпорындарды құру үдерісін үдетуіміз қажет. Әлемдік нарықта сұранысқа ие тауарларды көптеп өндіргеніміз абзал. Осы бағытта жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асырып, дәстүрлі нарықтарымызды заманауи тауарлармен қамтуға міндеттіміз.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құрғақтағы тасымал мәселесін дамытуды, «жүрдек» трансқұрлықтық дәліздерді ретке келтіруді және олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді өзекті санайды. Осы ретте Президент Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өткізу желісін құруға қатысты елдеріміздің бастамаларына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кейінгі екі жылда Қазақстан көтерме тарату орталықтарын ұлттық желісін құрумен айналысып келеді. Біз одаққа мүше мемелекеттердің тауар тасымалын осы желіге қосуға дайынбыз. Бұл жұмысқа Еуразиялық даму банкі де ат салысып, қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек біз Одақ ішінде тауар тасымалындағы кедергілерді азайтуымыз керек. 2016 жылдан бері анықталған 68 кедергінің 54-і жойылды. Енді қалғанын еңсеру міндеті тұр.

ЕЛБАСЫ ӘЗЕРБАЙЖАНДЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРАМЫНА ШАҚЫРДЫ

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына осы ұйымның құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасы өз сөзінде жақын арада Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл толатынын атап өтіп, мерейлі датаның маңыздылығына назар аударды. Әрі Еуразиялық одақ құру идеясының авторы ретінде интеграциялық бірлестік аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Алдағы уақытта ұйымға бақылаушы ел мәртебесін Әзербайжанға беру мүмкіндігіне тоқталды. Бұған дейін қатарға Өзбекстан да қосылған болатын. Нәтижесінже елдердің байланысы нығайып келеді. «Мұндай ынтымақтастықтың екі жаққа да берері мол», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Армения мен Әзербайжан арасындағы байланыстардың қалпына келіп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Енді Әзербайжанмен келіссөздерді бастау мүмкіндігі туып отыр. Бұл мемлекет те ұйымға бақылаушы бола алады. Әлемде қалыптасқан жағдайларға байланысты ынтымақтастықты одан әрі арттыра түскеніміз жөн.

Бейнеконференция форматындағы жиынға Одаққа мүше Ресей, Беларусь, Қырғызстан президенттері мен Арменияның премтьер-министрі қатысты.

Сондай-ақ бақылаушы мемлекеттердің басшылары ретінде Куба мен Өзбекстан Президенті және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович  қатысты. Олар өз кезегінде Қазақстанды тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, төрағалығы тұсында атқөарған жұмыстарына алғыс білдірді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

– Барлық әріптестерім сынды мен де қазақстандық достарымызға осындай қиын кезеңде атқарған жұмыстары үшін алғыс айтамын. Ел президенті де одақтың жұмысын алға жылжытуға ат салысып жүргеніне куә болдық. Соның арқасында пандемия кезіндегі дағдарысқа қарамай елдеріміздің арасындағы тауар айналым өсіп келеді. Осы тұста Қазақстан республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігін атап өту керек. Одақтың құрылуына бастамашы болып, алғашқы келліссөздерді жүргізген сәттер әлі есемізде. Нұрсылтан Назарбаевтың осы бастамасы кейін жүзеге асып, қазір бүкіл әлем қиын жағдайға түскенде біздің экономикамызды тұрақтандыруға себеп болғанын көріп отырмыз.

Осылайша Қазақстан жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалығын абыраймен аяқтап, жауапты міндетті айыр қалпақты ағайындарға тапсырды. 2022 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына Қырғыз Республикасы төрағалық етеді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Садыр Жапаровты құттықтап, алға қойған мақсатқа сәтті қол жеткізуіне тілектестік білдірді.

Талғатбек Әбдіқожа