Қазақстан – АҚШ арасындағы серіктестікке 30 жыл

Осыған орай Вашингтонда екі ел арасындағы серіктестікке арналған арнайы форум өтті, деп хабарлайды Хабар 24.

1991 жылы еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі – Америка Құрама Штаттары. Бүгінде Қазақстан және АҚШ елдерінің арсындағы дипломатиялық қарым- қатынастың орнағанына 30 жыл. Әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілген қос елдің өкілдері бірнеше бағыт бойынша пікір алмасып, ой бөлісті. Мәселен, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің қатарында инвестиция, қауіпсіздік және сауда-экономика тақырыбы талқыланды. 

Форумға америкалық тараптан мемлекеттік департаменттің, сауда палатасының, және қорғаныс минситрлігінің өкілдері, ал біздің елден Қазақстан Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі және Қазақстанның Вашингтондағы елшісі бастаған делегация қатысты.

Керри Мюлленбек, Аризона штатының төтенше жағдайлар және әскери істер департаментінің басшысы, генерал майор:

– 30 жылдық серіктестік елдер достығын дәлелдейтін көрсеткіш десем артық емес. Бүгінгі конвенцияда осы достығымызды нығайтып, екі елдің жұмыс істеу бағытын кеңейте түсетін дүниелер айтылды. Осы уақытқа дейін жасалған жұмыстардан бөлек алдағы уақытта қандай мәселелерді атқаратынмыз талқыланады. 

Панел отырысында әлемдегі гуманитарлық дағдарыс жайы да қозғалды. Қазақстанның Ауған еліндегі ахуалды оңалтуға қосқан үлесі айырықша атап өтілді. Форумға қатысушылардың айтуынша, аймақтағы қауіпсіздікті сақтай отырып, Қазақстан тарапынан Ауған халқына қол ұшын беру стратегиялық маңызы бар қадам. Бұл мәселеде екі елдің мүддесі ортақ болып отыр.

Ребекка Зимерман, АҚШ қорғаныс министрінің ауғанстан, пәкістан және орталық азия бойынша көмекшісінің орынбасары:

– Бірнеше айдан бері ушығып кеткен Ауғаныстандағы мәселені шешуде Қазақстанның үлесі зор. Америкалық тараптың ойы да соған саяды және екі ел бірге жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік мәселелеріне келгенде Қазақстан АҚШ-тың сенімді серіктесі және бұл серіктестікке 30 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін көптеген жұмыс атқарылды.

Талғат Алманов, тілші:

– Еліміздің 30 жылдығына арналған басқосуда қос ел арасындағы сауда, экономикалық, индустриялық серіктестікті нығайту жолдарымен қатар адам капиталын дамыту туралы тың ойлар айтылды. Осы орайда еліміздің «Болашақ» бағдарламасы және амеркиалықтардың «Flex» және «Fullbright» бағдарламалары арқылы мыңдаған жас жыл сайын шет ел асып, білімін жетілдіріп жатқаны тілге тиек етілді және бұл тегіннен тегін емес, өйткені форумға қатысушы сарапшылар көзі ашық, білімді жастар кез келген елдің және қоғамның негізі тұғыры деп мәлімдеді.

Эрик Грин, АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің ресей және орталық азия бойынша кеңсесінің аға директоры:

– Қазақстан және АҚШ елдерінің білім саласындағы серіктестігі тарихи деңгейде деуге болады. Қазақстан сияқты АҚШ та адами капиталға инвестиция құюды көздейді. Сондықтан мемлекетіміз бен адамдарымыз арасында да тығыз байланыс бар. Дипломат болған соң біз жоғары деңгейдегі мәселелерді шешуге тырысамыз. Ал ол білімге байланысты. Көптеген қазақ жастарының америкалық және еуропалық елдерде білім алуы экономикалық байланысты арттырары сөзсіз.

Форумда еліміздің егеменді ел болып қалыптасу жолын баяндайтын жаңа жинақтың тұсауы кесілді. «Қуатты әрі бірегей: Қазақстан-АҚШ серіктестігінің 30 жылдығы» атты кітап авторларының бірі Фредерик Стардың айтуынша, посткеңестік елдердің ішінде алғашқы кітаптың Қазақстанға арналуы да тегін емес.

Фредерик Стар, Орталық Азия және Кавказ институтының төрағасы:

– Бұрынғы Кеңес елдерінің ішінде не себепті Қазақстанды таңдадық, оның екі себебі бар. Біріншіден, Қазақстан елдегі барлық салаларды, барлық институттарды жаңадан құрып, оны сәтті жүзеге асырған бірден-бір мемлекет. Әрине өзіндік қиындықтар болды, бірақ елдің қолынан келді. Екіншіден, Қазақстан Орта Азия елдерімен салыстырғанда АҚШ-пен қарым қатынасты тәуелсіздік алғанға дейін-ақ бастап кеткен еді. Кітаптағы басты месседж қарапайым 30 жыл бойы Қазақстан мен АҚШ жай ғана серіктес емес достық қарым қатынас құрған жақын елдер.

Қазақстанның Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі өзге елдерге үлгі екені де айтылды. Әрі әлем елдерінің қауіпсіздігін сақтаудағы өзіндік үлес. Яғни Қазақстан бейбітшіліктің символына айналды. Еліміз үшін стратегиялық әріптес саналатын АҚШ-пен арадағы серіктестік алдағы уақытта да өрби түспек деп мәлімдеді жиынды қортындылаған тараптар.

Авторы: Талғат Алманов