Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасына 30 жыл

Биыл қазақ-өзбек қарым-қатынасына 30 жыл. Осы уақыт аралығында Орталық Азиядағы қос мемлекет арасында алыс-беріс арта түсті. Ал жуырда екі ел президенттері одақтастық жөніндегі декларацияға қол қойып, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді. Бұл құжаттан өзбекстандықтар не күтеді?

Кезінде Төле би 12 жыл билеген Ташкент шаһары өзбектер үшін ғана емес, қазақтар үшін де киелі мекен болып саналады. Бауырлас екі елді ортақ тарих біріктірсе, бүгінде Орталық Азия төңірегіндегі әріптестік бұл жақындықты одан әрі нығайта түсуде.

Тілі мен діні бір, дәстүрі ұқсас бауырлас өзбек елі қазақ үшін қастерлі мекен. Үш жүздің екі биі жерленген Өзбекстанға ата-баба рухына тағзым етіп келетін қазақстандықтар көп. Сондықтан туристік әлеуетті артырып, екі ел азаматтарының емін-еркін жүруі үшін Қазақстан мен Өзбекстан шенген визасының азиялық нұсқасын әзірлеуде. Бұл жоба келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Ал қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан бірқатар шойын жолдарды салуға келісті.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

– Қазір Дарбаза-Мақтаарал-Жызақ бағыты бойынша жүрдек пойыз жолы салынады деп жоспарланды. Тағы бір қызықты маршрут – ол Түркістан-Ташкент-Шымкент. Бұл екі ел үшін аса қажетті әрі маңызды бағыт. Өйткені бұл жол Ташкент, Шымкент, Түркістан сынды тарихи-мәдени орталықтарды байланыстырады. Көне Түркістанды тіпті, сакралды мекен десем артық айтқаным емес. Өйткені, бұл қалада Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орналасқан. Ал бұл даңқты тұлға Орталық Азия елдері үшін аса қымбат болған.

Биыл екі елде өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Осы уақыт аралығында Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия аймағындағы алпауыт мемлекеттерге айнала білді. 2013 жылдан бері көрші елдер стратегиялық әріптес болып келсе, биыл бұл ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Жуырда Қазақстан мен Өзбекстан президенттері одақтастық байланыстар туралы декларацияға қол қойды.

Фарход Толипов, саясаттанушы:

– Одақтас елдер енді қауіпсіздік жөніндегі өздерінің саясаттарын бірігіп құратын болады. Олар сырттан қауіп төнгенде бірлесіп төтеп береді. Демек, екі ел әскерлерінің ынтымақтастығы артады. Міне, одақтастық деген осыны білдіреді. Алдағы уақытта бұл декларация толыққанды келісімшартқа айналса, онда Қазақстан мен Өзбекстан республикалары араларындағы жетістік жоғары деңйгейге ие болады.

Бұл маңызды құжат әріптестікті жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Нақтырақ айтсақ, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық дами түседі. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллар төңірегінде. Алдағы уақытта алыс-берісті 10 млрд долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Сан саладағы әріптестік білім беруде де дамымақ. Өйткені өзбекстандық ғалымдар өз жерлерінде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылдЫғын асыға күтеді.

Равшан Назаров, саясаттанушы:

– Қазір бұл сұрақ екі елдің министрлері деңгейінде талқыланып жатыр. Бұл тақырыптың қаузалғанына екі жол болды. Жалпы Қазақстанда белді университеттер жетерлік. Атап айтар болсам, Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті осы және өзге де көптеген жоғарғы оқу орындары халықаралық рейтингте жақсы бағаға ие. Енді Өзбекстанда Қазақстанның бір университетінің филиалы нашу – ол екі елдің мәдени гуманитарлық әріптестікті дамыта түсетіні сөзсіз.

Биыл Қазақстан мен Өзбекстан өз егемендігінің 30 жылдығын тойласа, келер жылы екі ел дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеді. Бұл халықаралық аренадағы маңызды әрі айшықты дата. Өйткені Қазақстан мен Өзбекстанның жақындығы – Орталық Азия аймағының қарқынды дамуының басты күші – дейді, сарапшылар.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов