Қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылған – Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтуде.

Жиында сөз сөйлеген Президент тәуелсіздік алудағы батырларымыздың ерен еңбегін атап өтті.

«Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем. Батыр бабаларымыз бүкіл Еуразияда ат ойнатқан қуатты мемлекеттер құрды. Сайын далада теңдесі жоқ көшпелілер өркениетін қалыптастырды. Алып құрлықтың саяси-экономикалық даму барысына орасан зор ықпалын тигізді. Олар ұрпаққа асқақ рухын және өр намысын мирас етті», – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде миллиондаған халқы болса да, ұлтарақтай жерге жарымай отырған елдердің барын тілге тиек етті.

«Біздің мемлекеттілік тарихымыз мыңжылдықтардан бастау алады. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады. Халқымыз Егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді. Егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?!», – дей келе, қазақстандықтарды елеулі мерекемен құттықтады.

«Құрметті отандастар! Баршаңызды қастерлі Тәуелсіздігіміздің мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық. Жаңа Қазақ мемлекеті құрылғанын дүние жүзіне паш етіп, Тәуелсіздігімізді жарияладық».