Президент Тәуелсіздік жылдарындағы бірқатар жетістікті атады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты жиын өтуде.

Жиында сөз сөйлеген Президент Тәуелсіздік жылдарындағы бірқатар жетістікті атап өтті.

«Рухани жаңғыру» арқылы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды қолға алдық. Тұтас түркінің алтын бесігі атанған Түркістанды түлеттік. Саяси реформаларды тың қарқынмен жалғастырдық. Халқымыздың саны 19 млн асты. Осылайша, Қазақстан тұғыры берік, мықты мемлекет болды.

Үшінші онжылдық – Қазақстанның кемелдену кезеңі. Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейінгі стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды межеледік.

Екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі. Біз керегемізді кеңейтіп, тұғырымызды нығайттық. Халықтың әл-ауқатын арттыра түстік. Төл тарихымызды түгендеп, рухани мұрамызды жаңғырттық. Көптеген халықаралық жобаға бастама көтердік. Елге қомақты инвестиция әкелдік.

Экономиканы өркендету үшін ауқымды реформалар қолға алынды. Жеке кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалды. Жастарымыз әлемнің үздік университеттеріне оқуға жіберілді. Қазыналы Ұлттық қорымыз құрылды. Ұлы көшке жол ашылып, шетте жүрген қандастарымыз атамекеніне қайтарылды», – деді Мемлекет басшысы.