Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өтті

Tәуелсіздік – барша қазақ үшін қастерлі ұғым. Сондықтан төл мереке шетелде де кеңінен тойланып жатыр. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған кеште қазақ жұртын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен өнер адамдары, шетелдік дипломаттар мен қазақ диаспорасы құттықтады.

Бинали Йылдырым, Түркі ынтымақтастық ұйымы ақсақалдар кеңесі төрағасы:

- Қазақстан тәуелсіздігін әлемге жариялаған сәттен соң 20 минуттың ішінде Түркия Республикасы мойындады. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Содан бері 30 жыл уақыт өтті. Төл мерекеміз құтты болсын! Қазіргі Қазақстан, Орталық Азияның мақтанышы, Нұр-Сұлтан қаржы, сауда және инвестицияның орталығына айналды.

Шара барысында ақ дастархан жайылып, қазақтық ұлттық тағамдары таныстырылды. Елімізден келген өнерпаздар келушілердің құлақ құрышын қандырды.

Тұңғыш рет түрік дизайнерінің қазақтың ұлттық киімдерінен құралған сән дефилесі ұйымдастырылды.

Хусейин Улак, жауынгер:

- Түркі дүниесінің бір бөлшегі және туыстас ел Қазақстанның Тәуелсіздігін тойлағаныма қуаныштымын. Мен үшін үлкен мәртебе. 30 жылдық, алдағы уақытта 300, 3000 жылдық болып тойлансын. Қазақстанның келешегі бүгінгі күннен де мықты болуына тілектеспін.

Зумра Танрыверди, Түркия азаматы:

- Мәңгі жадымда сақталатын керемет кеш өтті. Дәстүрлі өнерді тамашалап, толқып тұрмын. Ұлттық киімдеріңіздің өзі айырықша әдемі. Түріктің көне мәдениетін еске салдыңыз. Алғысым шексіз.

Қазақстан мен Түркия тек туыстас ел емес, стартегиялық әріптес әрі негізгі сауда-экономикалық серіктес ел.  Мәселен, күллі әлем пандемия салдарынан экономикалық тоқырауға ұшыраған тұста Түркиядан Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі рекордтық деңгейге жетті. 2019 жылы 357,8 млн долларды, ал 2020 жылы 362,4 млн долларды құрады.

Меруерт Қанағат