Ақтоты Райымқұлова ауыр атлетика бапкерлерінің арасындағы жанжал туралы пікір білдірді

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ауыр атлетикадан ұлттық құрама бапкерлерінің арасындағы жанжал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдениет және спорт министрі өзі тағайындаған ауыр атлетика бас бапкерінің неге жұмыс істемей жатқаны туралы айтты.

«Талдықорғанда өткен республикалық чемпионаттан кейін бүкіл облыстардың бас бапкерлерімен отырыс болды. Солармен ақылдаса отырып, Дәурен Бекмахамбетов деген азаматты бас бапкер болуға лайықты деп есептедік. Жалпы, заң бойынша және регламентке сәйкес біздің бұл ұсынымызды Федерация өз атынан Ұлттық Олимпиадалық комитетпен бірге Министрліктің Спорт комитетінде ұсыныс ретінде беруі керек», – деген министр журналистерді бұл мәселе жыл аяғына дейін шешімін табатынына сендірді.

«Сонымен қатар, осы сұрақ біз жыл аяғында Ауыр атлетика федерациясында өтетін конференцияда да қарастырылады деп отырмыз. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп ойлаймын. Жалпы бәрі заң бойынша, рет-ретімен келе жатыр», – деді ведомство басшысы.