Астана процесі: Сирия мәселесіне арналған келіссөздер нәтижелі аяқталды

Бүгін Сириядағы ахуалды тұрақтандыруға арналған Астана келіссөздерінің XVII раунды аяқталды. Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар шешімін таппаған түйткілдерді айқындап, ортақ арнаға түйіскен тұстарды белгіледі.

Түркия, Иран, Ресей, БҰҰ мен Сирия үкіметінің өкілдері қатысқан отырысқа кеше елдің қарулы оппозициясы қатыспап еді. Есесіне, бүгін Ахмед Тома халықаралық қауымдастық пен журналистер алдына шығып, оппозициялық делегацияның ресми ұстанымын жеткізді. Сириялық үкіметпен бірлесіп алған Ресей іс-әрекетінен қарапайым халық зардап шегіп отыр деп ашық айыптады.

Атап айтқанда, үкіметке қарсы шыққан жүз мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырады. Соңғы бес айда Идлибтегі бейбіт тұрғындарға қарсы 600 рет шабуыл жасалды.

Айман Асмиоглу, Сириялық қарулы оппозиция делегациясының басшысы:

– Шабуылдардың жасалған мерзімін нақтыласам,  5 айда деп Астана процесінің 16шы және 17-ші раунды аралығын меңзеп отырмын. 115 рет әуеден жасалған шабуылдардың денін Ресей ұшақтары ұйымдастырған. Сондай-ақ 482 рет зымыранмен және артиллериямен жарылыс жасады. Оқ жаудырған кезде 2 700ден астам снаряд қолданылды. 120-дан астам адам оққа ұшты. 332-і жараланды. Өлім құшқандардың арасында балалар да бар.

Ресей федерациясы Президентінің арнайы өкілінің айтуынша,  расымен әскери әуе күші лаңкестерге қарсы операциялар жүргізіп келеді.  Бірақ бейбіт халықты нысанаға алған емеспіз дейді.

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің сирия жөніндегі арнайы өкілі:

– Жуырда ғана ресейдің әскерилері лаңкестік тобының басшысы Джунуд Ашшам Маргошвилидің көзін жойды. Ол Шешенстанда ылаң салған қандықол баскесер. Мұндай операциялар әлі де жалғасады. Бірақ бір айтарым, қандай да бір нысанды шабуылдаған кезде ақпарат бірнеше рет   мұқият тексеріледі. Сондықтан Ресей балалар мен қарияларға қарсы оқ атты деген айыптар шындыққа жанаспайды.

Иран делегациясының басшысы Әли Асгар Хаджи Астана процесінің 17-ші раунды нәтижелі өткенін жеткізді. «Сириядағы ахуалдың тұрақталуына Иран үкіметі барынша тілектес» деді ол. Ал, сириялық оппозицяның «Тегеран астыртын түрде өзінің лаңкестік тобын Дамаскіге жіберіп, ел ішінде іріткі салады» деген айыптауына былай жауап қатты.

Әли Асгар Хаджи, Иран делегациясының басшысы:

– Сирияға террористерді Иран жіберді дей ме? Бұл жылдың ең үздік әзілі сияқты естіледі екен.

Иә, Сирияның Солтүстік Шығысындағы жағдай халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Оған қоса елде гуманитарлық дағдарыс орнады. Сирияның үкіметтік делегациясын бастап келген Айман Суссан зардап шеккен халыққа жөнелтілетін азық-түлік межелі жеріне жетпей жатқанын атап өтті.

Айман Сусан, Сирия сыртқы істер министрінің орынбасары:

– Бұл адамзатқа қастандық жасаумен тең. Халықаралық резолюция орындалмай, гуманитарлық көмек Сирияға жеткізілмей жатыр. БҰҰ-нан өз міндеттемесін орындауды талап етеміз. АҚШ пен Түрік оккупациясы Сириядағы кикілжіңді реттеуге мүмкіндік бермей отыр.

Десе де, тараптардың ойы түйіскен тұстар жоқ емес, бар. Соғыстан әбден мезі болған халықтың мүддесі бәрінен де жоғары. Тұрғындардың амандығы үшін саяси диалогтан қашпай, гуманитарлық көмекті қабылдау жұмысын жолға қою керек деп келісті. Осы сынды 17 түрлі шешімге қатысты келісімін білдірді. Ендігі Астана просесінің 18-ші раунды келер жылдың бірінші жартысында өткізуге уағдаласты. Сондай-ақ 1 шілде күні Иранда жоғары деңгейдегі үшжақты кездесу өткізуге келісті. 

Бақыт Топтаева, Ержан Рахманберді

 

 

Сондай-ақ...