Парламенттік оппозиция бір жылда не істеді?

Саяси реформаларды айтқанда парламенттік оппозиция туралы бастаманы айналып өту мүмкін емес, деп хабарлайды Хабар 24.

Жыл басында құрылған. Оған Мәжілістегі екі бірдей партия мүше болып еді.

«Келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды». Мұны хәкім Абай айтқан. Әлі де өзекті. Бұқараның билікте жүргендерге айтар базынасы таусылған ба?! Мұқым жұрт ел ішінде қордаланып қалған мәселелерді ашына жазып та, алаңға шығып айтып та жүр. Содан шығар елде саяси реформалар жасала бастады. Парламенттік оппозиция дегенді естідік.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты балама көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік.

Бұрындары билеуші партия сөйлесе, қалғаны бас шұлғып қана отыратын Мәжіліске биыл «жан біте» бастағандай әсер қалдырады. Қайыс креслоға қонжиып алғандар қашан қарасаң мүлгіп отырады дегенді айтатындар сиреген сынды. Парламенттік оппозиция құрылып еді, оқтын-оқтын өткір мәселелерді қозғай бастады. Тілімденген тіл жайын баса айтты.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қоғамның барлық саласында қазақ тілін қолдануды талап ететін уақыт келді. Қазір халқымыз 19 миллионға, қазақ ұлты 78 процентке жетіп қалды. Ал сол халыққа қызмет көрсететіндердің мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқ асты етуде. Тәуелсіз қазақ елін аңсап келген миллионнан астам қандастарымыз бен ауылдағы миллиондаған қара көздеріміз жапа шегумен келеді.

Ауыл шаруашылығының адымын алшаңдата алмай отырғанда, қуаңшылық келіп бір бүйірден қысты. Екі өңірде мал қырылды. Жұрт жылу жинап, әйтеуір қал-қадірінше қам қылды. Мұндайда парламенттік оппозицияның қатарына қосылған депутттар үнсіз қалмады. Субсидия жайын сүйектен өткізе айтты. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Ауылшаруашылықты субсидиялау мәселесі, өкінішке қарай бұл салада жемқорлық көп. Бюджеттен бөлінетін ақша кәсіпкерлерге, диқандарға жетпейді. Бұл мәселені көп көтеріп келеміз. Биылғы жылы мына жұт, су тапшылығы болған соң мал, бидаймен айналысатын кәсіпкерлер болсын үлкен проблема бар. Осы тұрғыда субсидияға ерекше мән беруіміз қажет деп ойлаймын.

Мұндай мысалдар көп. Бірақ бұл тігісі жатты, безбенге салар мәселе қалмады деген сөз болмаса керекті. Парламенттік оппозицияға екі бірдей партияның кіргенін білеміз. Бірі – «Ақ жол». Екіншісі бертінге дейін коммунистер болып келген – «Қазақстанның халық партиясы». Олар орайы келгенде бұғып қалмадық. Айтар сөзді жетесіне жеткізе айттық деп отыр.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмыс тобы кезіндегі көптеген заңдарды талқылау кезінде ұрсысып қалуға дейін жетіп қаламыз. Бірақ азаматтардың барлығы түсінеді. Бұл жеке біреудің бағытталған нәрсе емес. Бұл белгілі бір заң жобасына деген біздің көзқарасымыз. Оған түсіністікпен қараймыз. Ол күнделікті парктика деп те айтуға болады.

Қазір парламенттік оппозицияда небәрі 22 депутат бар. Бірақ бұл түйінді мәселені таразыға тартуға кедергі келтірмейді деп сендірді. Олар депутаттардың саны емес, көтеріліп отырған мәселенің өзектілігі маңызды дейді. Сосын заңда бұларға басымдық беріп қойған. Біраз құзыры бар.  

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Парламенттік оппозиция қаралатын барлық заң жобаларын талқылауға араласады. Сондай-ақ заңға альтернативті құжат әзірлей алады. Тіпті парламенттік тыңдау, үкімет сағатын ұйымдастыру құқығына ие болады. Бұл халықты мазалаған кез келген мәселені көшеде емес, парламент қабырғасында шешуге мүмкіндік береді.

Қарқынды әлі еселеу керек. Парламенттік оппозиция өздерін осылай қамшылап отыр. Олар кез келген мәселеге қарсы шығуды оппозиция деп қабылдауды доғару керек дейді. Бар болғаны ұлттың ұпайын түгендеу үшін тырысып жатқандарын айтып қалды.

Дастан Сейілханұлы, Арман Ақшабаев