Түрікменстан Қазақстан халқына қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді

Түрікмен тарапының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы премьер-министрі орынбасарының м.а. – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары - Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен телефон арқылы сөйлесті.

ҚР СІМ мәліметі бойынша, әңгіме барысында Р.Мередов Президент Қ.Тоқаевтың атына Президент Г.Бердымухамедовтың қолдау сөздерін жеткізіп, Түрікменстанның Қазақстан халқына кез келген қажетті көмек көрсетуге дайын екенін растады. Ол Қазақстандағы жағдайдың тезірек қалыпқа келетініне сенім білдірді.

М.Тілеуберді елдегі ағымдағы жағдай және ҚР басшылығының жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан күш-жігері туралы хабардар етті, сондай-ақ бауырлас Түрікменстанды қолдағаны үшін шынайы алғысын білдірді.