Түркиядағы қандастар қазақстандық жолаушыларға жәрдемдесті

Ағайынның қадірін, алыс-жақынын басыңа іс түскенде білерсің. Түркиядан елге жете алмай жатқан қазақстандықтарға қол ұшын беріп, жатар орын, ыстық тамақпен қамтамасыз етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Равиль Арыстанбеков бірнеше күн бұрын Ыстамбұлға қыдырып келген еді. Енді Қазақстанға қайта алмай отыр. Шарасыз қалған отандасымызға Түркиядағы қандастарымыз қол ұшын берді.

Равиль Арыстанбеков, жолаушы:

Кеше Ыстамбұлдың аэропортынан ұша алмай қалдық. Өйткені Қазақстаннан самолет ұшқан жоқ. Сол кезде Ыстамбұлдағы қазақ бауырларымыз келіп көмектесті. Олар бізді аэропорттан алып келіп, орналастырып, тамақтандырып, жататын жер берді.

Алыста болса да, жүрегі қазағым деген соққан Түркиялық қандастарымыз дер кезінде жұмылып, жолда қалған жолаушыларға демеу болды. Қазақы дәстүрге сай, арнайы мал сойып, ыстық тамақ, жатын орынмен қамтамасыз етті.

Жанымхан Жаналтай, қандас:

Осындай жағдайда енді біз қазақ болып, бір бола алмасақ, тірі бола алмасақ басқа ешуақытта бірлігімізді қорғай алмаймыз. Қазақ- қай жерде жүрсе де қазақ. Оның айырмашылығы жоқ. Біздің бір қазақстанымыз бар. Сол бір Қазақстанымыздың халқы үшін бәрін істеуге дайынбыз.

Қиналған жұртқа көмек көрсетіп жатқандардың арасында өзіміздің отандастарымыз да бар.

Меруерт Серікбайқызы, ерікті:

Біздің осы кездегі бірлігіміз өте қатты білінді, көрінді. Бауырларымызға деген ыстық ықыласымызды байқадық. Енді қолдан келгенше елімізде болмасақ та, осы жақта қалған қазақтарға осылай қолдау білдіруге тырысып жатырмыз.

Тимур Әубәкіров, ерікті:

Еліміздегі ахуалға байланысты қатты қайғырып отырмын. Тұңғыш қызым Алматыда. Алғашқы екі күннен бері байланыс мүлдем болмады. Балаңнан хабарсыз болып қалғаннан қиын дүние жоқ екен. Қос аэропортта азаматтарымыздың қалып қойғанын біле сала, жүгіріп жеттік. Екі апаны үйге алып келдім. Олар Қазақстандағы отбасыларымен хабарласты. Апаларым келгеннен соң қызыммен де байланыс орнаттым.

Түркияда оқып жатқан қазақстандық жастар жұмылып, уақытша елге қайта алмай қалған жолаушыларға көмек көрсетіп жатыр.

Аслан Серік, студент:

Біз енді материалдық көмек көп болмаса да, моральдық көмек беруге келдік. Осы жаққа 70-100 шақты адамның келетінін естідік. Керекті азық-түлік тізімін және келген адамның тізімін жасадық.

Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркияда уақытша жүрген мыңнан астам қазақстандық елге қайта алмай қалған. Сондықтан Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Ыстамбұлдағы Бас консулдығы арнайы штаб құрып, жолаушыларға құқықтық-ақпараттық қолдау көрсетіп жатыр. Жолда кідірген жолаушылардың алдыңғы легі кеше елге аттанды.

Авторы: Меруерт Қанағат

 

Бұған дейін үкімет отставкаға кеткен болатын. Премьер-министрдің қызметін уақытша Әлихан Смайылов атқарады. Ерлан Қарин Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Ал Алматы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай режимі енгізілді. Жалпы бұған дейін Қазақстанда төтенше жағдай неше рет жарияланды. Төтенше жағдай кезінде нені білу керек.

Бұған дейін айтылғандай, газ бағасын арнайы комиссия реттейді. Ал Сенат төрағасы наразылық шарасы диалог негізінде шешілу керектігін айтқан. Сондай-ақ газ бағасының көтерілуіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

Осы тақырып бойынша өзге тақырыптар:

Ел неге толқыды

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңге болды

Ақтөбеде газ бағасы 50 теңгеге түсті

Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Маңғыстау облысының әкімі наразылық білдірген жаңаөзендіктермен кездесті

10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды