Е.Қарин: Мемлекеттік тұтастығымызды сақтап қалу аса маңызды

Қазақстан ел ішіне іріткі салудың оқыс құбылысына тап болды. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында айтты.

Қариннің пікірінше, елге гибридті террористік шабуыл жасалды. Яғни бір топ адам бір уақытта республиканың бірнеше қаласында түрлі нысандарға тұтқиылдан тап берді.

«Мұндай іс-қимылдарды үйлестіруге ықпалды ішкі және сыртқы деструктивті күштер сөз байласқаны анық», - дейді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік хатшы террористік шабуылдардың түпкі мақсаты елде тұрақсыздық орнатып, мемлекеттік төңкеріс жасау болды деп санайды.

Ерлан Қарин ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Мұны «тәртіпсіздік» деуге келмейді. Мен 20 жыл бойы терроризм мәселесімен айналысып келемін. Бірнеше кітаптың авторымын, бірақ қанша зерттеу жүргізсем де топтың қалаларға бір мезетте шабуыл жасай алатындығын, оның ішінде мақсатты түрде мемлекеттік маңызы бар нысандарға шабуыл жасап, қиратқаны есімде жоқ.

Бұл шын мәнінде жаңа құбылыс. Бұл арнайы қызметтер мен сарапшылар үшін сынақ болып табылады. Біз кез келген мемлекетке осындай сценарий қолданылуы мүмкін екенін түсінуіміз керек. 

Мемлекеттік хатшының пікірінше, террорлық шабуылдардың басты мақсаты елді тұрақсыздандырып, мемлекеттік төңкеріс жасау арқылы билікті басып алу болған.

Ерлан Қарин ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Тыңғылықты ұйымдастырылып, топтардың нақты әрекет етуіне қарап, әр оқиға жоспардың бір бөлігі деп айтуға болады. Әр қалаларда бүлікті ұйымдастыру қандай дайындықты талап ететінін елсетете аласыздар ма? Тіпті жекелеген өңірлерде мемлекеттік мекемелер мен органдарды басып алудың алгортимі мен қару-жарақты тартып алу акцияларының, жолдарды жауып, инфрақұрылымдық нысандарға бөгет қойып, байланыс құралдары арқылы  соққы жасалуының  міндеті бір. Мұндай шабуылды аяқ астынан ұйымдастырып, бұйрық беру мүмкін емес. Бұл тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекет.