435,10 496,10 5,68
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Мемлекеттік төңкерісті кімдер жасамақ болған

  • 82
  • UPD: 10:12, 11.01.2022

Содырлар қырғын басталған алғашқы күндерде Президент резиденциясын басып алмақ болды. Алайда елордаға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының үш әскери ұшағы келгенін білген олар әуелгі жоспарынан айныған, деп хабарлайды Хабар 24.

Алматы мен 9 облыс орталығы бандиттердің қолына өтті. Кейін күштік құрылымдардың соққысынан соң мысықтілеулілер шегініс жасады. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті. Онлайн форматтағы жиында Владимир Путин «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік күші Қазақстан аумағынан міндетті түрде шығарылады», – деді. Бүгін елде қаралы күн. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– «Алматының құлауы бүкіл елді басып алуға жол ашар еді». Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. «Мемлекет ресурсын тауысу үшін шабуылды ұйымдастырушылар үлкен майдан ашты. Агрессия бір уақытта 11 өңірді қамтыды. Бірақ негізгі соққы Алматыға қарсы бағытталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өздеріңіз білетіндей, бұл біздің ең ірі қаламыз және елдің қаржы орталығы. Онда маңызды көлік және коммуникация тораптары шоғырланған. Алматының құлауы халық тығыз орналасқан оңтүстікті, содан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді. Террористер құқық қорғау күшін өздеріне тартып, содан кейін ел астанасына соққы беруді көздеген. Біз Президент резиденциясының айналасында содырлардың жиналғанын көрдік.

Алайда елордаға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының үш әскери ұшағы келгенін білген соң ойран салғандар резиденцияны басып алу ойынан айныған. Дегенмен өзге қалаларда нағыз шайқас болды. Мәселен, Алматыда полиция департаментінің ғимараты маңындағы ұрыс 2 түнге созылды. Полицейлер шабуылға тойтарыс берді. «Содырлар бір ғана Алматыда 7 қару дүкенін басып алған. Бұл – жақсы дайындықтан өткен кәсібилердің, оның ішінде арнайы винтовкалары бар снайперлердің әрекеті», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Террористердің жеке байланыс құралы болған. Олар әскерилер мен құқық қорғаушылардың формасын киіп алған. Сосын жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың арасына жасырынып, халықты тірі қалқан ретінде қолданды. Полицейлер мен әскери қызметшілерге саны бойынша бес есе көп бандиттер шабуыл жасады. Оларды асқан қатігездікпен азаптады, екі әскеридің басы кесілді. Ауруханаларға да варварлық шабуылдар жасалды.

Бәрі қалай басталғаны көз алдымызда. Алғашқыда көпшілік «бейбіт наразылық» деп үн қатты. Кейін саяси митинг өтті. Алайда «әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық-саяси талаптар кейінге ысырылды» деді Президент. Осы кезде өз сағатын күткен қаскөйлер Алматыға шабуылдады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қалаға үш бағыттан қорқаудың үлкен тобы сияқты қарулы содырлар лап берді. Бастапқыда олар өздерін бейбіт шерушілер ретінде көрсетті. Құқық қорғау күштерін, тіпті қала тұрғындарын жаңылыстырды. Осылайша тарихта Алматы трагедиясы деп аталатын оқиға болды.

Барлығы бір орталықтан басқарылған. Өңірлерге, оның ішінде әкімшілік ғимараттарға, стратегиялық нысандарға бір кезде шабуыл жасау – жоғары ұйымдастырушылықты көрсетеді, деді Президент. Осылайша қаскөйлер мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды. Ал бұл сценарий қанша уақыт дайындалды? 2 жыл ма әлде одан да көп пе? Мұны тергеу анықтайды. Қазір іздеуде жүргендері барынша жасырынып бағуда. Ойран салғандар қарапайым тұрғын ретінде киініп, сақалдарын да алып тастап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Ұсталған азаматтардан 116 қару-жарақ тәркіленді. Сол сияқты қалған шабуыл жасаушыларды іздеу жұмысы жалғасуда. Олар жасырынудың жаңа әдісін тапқан. Яғни қарапайым тұрғын болып киініп алып, сақалдарын алып тастайды. Алдымызда ауқымды іс тұр, оған құқық қорғау органдары мен әскери ардагерлер де тартылып жатыр. Елді бұрынғы қалпына келтіру жолында барлық мемлекеттік орган күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Ертең мен Парламентте жаңа Үкімет құрамын таныстырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттейтін нақты тапсырма берем.

Мынаны ескеру керек. БҰҰ Жарғысы бойынша сырттан қарулы күш қауіп төндірген кезде кез келген елдің ұжымдық түрде қорғануына толық құқы бар. Сол сияқты біз де Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының толыққанды мүшесі ретінде осы мүмкіндікті пайдаландық. Қазір елде бітімгерлік күштің 2030 әскериі мен 250 техникасы шоғырланған.

Олар стратегиялық нысандарды, әуежайларды, қару-жарақ қоймаларын күзетіп тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев «лаңкесттікке қарсы операция таяуда бітеді» деді. Сонымен бірге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері де елімізден шығарылатынын айтты. Владимир Путин де бұл тұрғыда өз ойын білдірді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

– Бауырлас Қазақстан халқына көмек көрсету бойынша бірлескен қадамдар барынша жедел келісілді. Осы орайда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тетігі нақты іске қосылды. Қазақстанға Ұжымдық бітімгер күштерінің контингенті бағытталды. Олар мерзімі бойынша шектелген уақытқа жіберілді. Яғни ол қажетті мерзімді Қазақстан Президенті айқындайды. Осы орайда айтарым өзінің функциясын орындағаннан кейін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті Қазақстан аумағынан міндетті түрде шығарылады.

Тағы жаға ұстатқан тұс мынау. Ойран салғандар қаруластарының денесін алып кету үшін түнде мәйітханаларға да шабуылдаған. Осылайша қаскөйлер із жасырмақ болған. Бұл терроистер шабуыл жасағанына тағы бір дәлел, деді Президент. Жан-жақтан қарумен төнген кезде ғана әскерилер мен құқық қорғау органдары оларға қарсы оқ атты.

Әйтпесе кейбір халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан билігі бейбіт тұрғындарға қарсы қару қолданды деген теріс ақпарат тарады. 

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

«Егемендік пен аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол берілмейді». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыны ескертті. Елге төнген қауіптің беті қайтарылды. Президенттің тағы бір айтқаны таяуда алдын ала тергеулер аяқталғаннан кейін әлемдік қоғамдастық сотына елімізге қарсы бағытталған террорлық басқыншылыққа қатысты қосымша дәлелдер ұсынылады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы

Хабар 24 телеарнасы