Е.Қарин: Бүлікке бірігіп тойтарыс бере аламыз

Біздің ел арнайы дайындалған террористік шабуылдың құрбанына айналды. Бұған тойтарыс берудің бірден бір жолы бірлікте. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин арнамызға берген сұхбатында осылай деді, деп хабарлайды Хабар 24.

Ол өзге мемлекеттердегі террористік шабуылдарды еске салып, мұндай қауіп кез келген елге төнуі мүмкін екенін ескертті.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

– Барлық елдерге сырттан қауіп төндіріп жатады. Парижде болған террористік акт естеріңізде болар. 10 шақты террорист үлкен 20 миллиондық Париж қаласын дүрбелеңге салды. Сондықтан бұған селқос қарауға болмайды. Баяғыдай, әртүрлі пікірталасқа түсіп, бұл қылмыскерлер ме, террористер ме? Сөйтіп отырған кезде олар тағы бір шабуылды ұйымдастыруы мүмкін. Бұған мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да көңіл бөлініп, біз осындай террористік қауіп-қатерге тікелей тойтарыс беруге дайын екенімізді ұғынып, сезінуіміз керек.

Елдегі конттеррористік операцияларды «Арыстан», «Арлан» жасақтары және Қорғаныс министрлігінің арнайы құрылымдары жүргізіліп жатыр. Ал Ұжымдық қауіпсіздік келісім шартының бітімгершілік әскері тек стратегиялық нысандарды қорғайды. Сұхбат барысында Ерлан Қарин көрші елдерден келген әскерилерге қатысты алып қашпа әңгімелерге қатысты өз ойын білдірді.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

– Дереу және батыл шешім қабылдау керек болды. Сондықтан Ұжымдық қауіпсіздік келімішартының бітімгерлішілік контингентінің арқасында біз өз жасағымызды террористерге қарсы күреске бағыттай алдық. Себебі ҰҚКШ БК тек стратегиялық маңызы бар объектілерді қорғаумен айналысады. Олар контртеррористік операцияларға қатыспайды. Олардың елімізде болуы белгілі бір уақытқа ғана жоспарланған. Жағдай тұрақталғанда, олар өз елдеріне міндетті түрде қайтатын болады.