Парламент Мәжілісінің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық мәселелерге тоқталып, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Кейбір ұйымдардың жұмысын сынға алды.
Егемендік жылдары елімізде қалталы азаматтардың қарасы көбейді. Олардың атын атап, түсін түстемесек те «Форбс» тізімінен түспейтінін көріп, дүние-мүлкін білуге болады. Дәл осындай сын сағатта халықты қаржылай демеу олардың Отан алдындағы парызы. Көмекті «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына жолдауға болады. Бұл ретте Президент ірі бизнес тарапынан ауқымды және тұрақты қаржылай қолдау күтемін деп астын сызып тұрып айтты. Үкіметке тұрақты жарна аударатын ірі компаниялар тізімін бекітуді тапсырды. Ал лотореялық қызмет операторы мен ставкаларды есепке алу орталығы және басқа да монополистер тиісті аударымдар жасауға міндеттеледі. Қор халықтікі. Әділ жауапты басшы тағайындалады. Қаржылық есеп қоғамның бақылауында болады, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тұңғыш Президент – Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды. Енді олардың Қазақстан халқына құрмет көрсетіп, оған жүйелі және тұрақты түрде көмектесетін кезі жетті деп санаймын. Бұл ретте Үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайын аударылатын жарналар мөлшерін бекітуі керек. Бұған қоса үлкен қаражатқа ие болып, көлеңкеде жүрген тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін. Бұл қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтардың бойында әлеуметтік әділет сезімін нығайта алатынына сенімдімін.
Ендігі мәселе халықтың жағдайын жақсарту. Бұл ретте бізде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бар. Аты атап тұрғандай әлеуметтің әлеуетін арттырып, ұлттық байлықты еселейтін бірден бір мекеме. Байлық демекші, Самұрық пен оның еншілес компанияларының қызметкерлері қомақты жалақы алады. Қор өз қызметіне өте қымбат консалтинг мекемелері мен шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаны баршаға белгілі. Алайда одан пайда бар ма? Бұл сұрақ тек бұқараның ғана емес, Президенттің де көкейінде жүр. Мемлекет басшысы қордаланған мәселені көтеріп қана қоймай, Үкіметке қор жұмысына қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады.Сондықтан, Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.
Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн.
Мұнымен қоса Президент «Самұрық-Қазынаның» мемлекеттік сатып алуына қатысты шағымдар жиі түсетінін айтты. Себебі мәселе туындай қалса ол қор деңгейінде шешіледі екен. Сондықтан «Самұрық-Қазына» рәсімдерін Қаржы министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және даму агенттігімен келісуді қамтамасыз ету керек деді. Қазақстан даму банкінің жұмысы да Президенттің сынына ұшырады. Мемлекет басшысы ұйым таңдаулы тұлғалар тобының жеке банкіне айналғанын қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз бәрінің аты-жөнін білеміз. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобаларын іске асыруда артықшылық алып отыр. Бұл жобаларға кеткен мемлекеттің қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болатын еді. Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үдерістері ашық емес әрі тиімсіз болып қалуда. Бұл тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Бұл түсінікті әрі ашық тетіктер болуы керек.
Елден қаражатты негізсіз шығарған тұлғалардың ісі енді май шаммен қаралады. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы баса назар аударды. Қазірдің өзінде жекелеген тұлғалардың есеп-шоттарында қозғалыс байқалып тұр. Президент осылай дей келіп, Ұлттық банкке нақты бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Ұлттық банкке жүктелген міндет мұнымен бітпейді. Қаржылық ұйым инфляцияны төмендетіп, 2025 жылға қарай 3-4 процент деңгейіне жеткізу керек. Импортқа тәуелділіктен арылтып, ақша-несие саясаты құралдары бойынша іс-шараларды қамтуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында біз жалақы мен зейнетақыны бірнеше рет көтердік. Бірақ әр уақытта бағаның бақылаусыз өсуімен бетпе-бет келеміз. Жылдар бойы инфляцияның жоғарылауы экономикамыздың басты проблемасына айналып отыр. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Бағаны тұрақтандыру керек.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жекешелендіру жүйелі әрі ашық жүргізілмей жатқанына да тоқталып өтті. Айтып ғана қоймай, шешімін ұсынды. Басты міндет өңдеу өнеркәсібін дамыту. Онсыз халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу әсте мүмкін емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуі тиіс активтерді іріктеу тәсілдері айқындалмаған. Мұны шұғыл әзірлеу қажет. Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті Мемлекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Өңдеу өнеркәсібімен қатар машина жасау саласын да дамыту басты міндет. Алайда әлі күнге дейін қажетті жабдықтар шетелден әкелінеді. Мұнын салдарынан еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Мемлекет басшысы бұған бәзбіреулердің қатысы бар ма деп күмәнданады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді.
2020 жылдың қорытындысы бойынша тек мұнай-газ және тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асты. Әлде еліміздегі кейбір адамдар ахуалдың дәл осындай күйде болуына мүдделі ме? Үкімет бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуі тиіс.
Президент жіпке тізген келесі міндет халықтың төл теңгеге деген сенімін нығайту. Валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етпей жүйелі экономикалық өсім мүмкін емес. Мемлекет басшысының айтқанынан түйгеніміз осы.
Назерке Әбдірахманқызы