Түркі мемлекеттері ұйымы Қазақстан халқы мен үкіметін қолдайды

Қазақстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздік тек түркітілдес елдер үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды.

Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы осылай деді. Тиісті мәлімдеме бүгін онлай форматта өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше отырысында жасалды. Күн тәртібінде Қазақстандағы ахуал талқыланды. Қатысушылар бүлік кезінде қаза тапқан жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мевлют Чавушоғлының айтуынша, Қазақстанның қиындықты еңсеруге барлық мүмкіндігі бар. Қажет болса, министрлер дағдарысты шешу үшін Қазақстан халқы мен үкіметін қолдауға дайын екенін растады.

Мевлют Чавушоғлы, Түркия Сыртқы істер министрі:

- Түркия бауырлас Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Болған оқиғалар Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің қоғамына қатты әсер етті. Қиындық туындағанда, Түркітілдес мемлекеттер жұдырықтай жұмыла білуі керек.