Полиция департаменті Шұғыл әрекет ету басқармасының орталығына барды

Президент Алматыдағы Полиция департаменті Шұғыл әрекет ету басқармасының орталығына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Орталықтың құқықтық тәртіпті және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы мәлімет берілді. Шұғыл әрекет ету орталығында қала аумағындағы шұғыл жағдайлар туралы түскен ақпараттар тәулік бойы үздіксіз жиналып, оларға талдау жасалады және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі.

Президентке қаладағы террористік акті кезінде бұзақылардың мақсатты түрде 20 көшеге орнатылған 493 бейнекамераны, бейнебақылауды басқару және байланыс жүйесінің техникалық жабдықтарын істен шығарғаны жөнінде баяндалды.

Үкіметтік комиссия мен әкімдікке бақылау жүйелерін түгелдей қалпына келтіру тапсырылды. Қаладағы тәртіпті 10 мыңға жуық бейне камера бақылайтын болады.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматыға барды. Мемлекет басшысының төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Бұдан кейін Президент Алматыда қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туған-туыстарымен кездесті . Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында болды.