Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны 8 айда қалпына келтіруді тапсырды 

Шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы барды. Аурухананы аралап, бүлік кезінде зардап шеккен азаматтармен сөйлесті. Қалада жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында Президент «ертең ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік күшін елден шығару жұмыстары басталады»,- деді.

Алматы лаңкестерден толық тазартылды. Қала қалыпты тіршілікке оралу шін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әкім Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, жылу, электр қуаты, су және газбен қамтамасыз ететін барлық нысан жұмыс істеп тұр. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, базарлар, жанармай бекеттері және өнеркәсіп орындарының жұмысы жандануда. Қоғамдық көлік те жүре бастаған. Барлығын қалыпқа келтіру үшін үкіметтік комисия құрылғанын білеміз. Сол комиссияны елдің бірінші вице-премьері Роман Скляр басқарады.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет қарамағындағы 21 нысан және бизнестің 145 субъектісі қиратылған. Соның бәрін жөндеу керек. Комиссия жұмысын бастады.

«Өзіңіз айттыңыз. Онда 8 ай уақыт беремін» деп Қасым-Жомарт Тоқаев мерзім белгіледі. Яғни шамамен 240 күннің ішінде Алматы қалыпқа келтірілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Шын мәнінде бұл қаланың тарихтағы орны бөлек. Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс.

ЕРТЕҢ ҰҚШҰ ӘСКЕРІН ЕЛДЕН ШЫҒАРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛАДЫ

Ішкі істер министрінің мәліметінше адам өлтіріп, зорлық көрсеткен, жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға қатысты ұзын ырғасы 417 қылмыстық қылмыстық іс қозғалған. Қалада мыңға жуық тәртіп сақшысы зардап шеккен. Ал көмекке келген ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік күші елден шығарылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ертең ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. Ұйымның бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды. Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Әріптестеріме, Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін.

Жұрт ойран салғандардан шошып қалды. Бойды үрей биледі. Енді қорқынышты сейілту керек. Мемлекет басшысы «ертеңгі күнге сеніммен қарау керек» - деді.

БҮЛІКШІЛЕР 493 БЕЙНЕКАМЕРАНЫ ҚИРАТҚАН

Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы шұғыл әрекет ету басқармасының орталығына барды. Мұнда қала аумағындағы шұғыл жағдайлар туралы түскен ақпараттар жиналады. Жиналған деректерге талдау жасалады. Ойран салғандар мақсатты түрде 20 көшеге орнатылған 493 бейнекамераны, бейнебақылауды басқару және байланыс жүйесінің техникалық жабдықтарын қиратқан. Осы жерде Үкіметтік комиссия мен әкімдікке бақылау жүйелерін түгелдей қалпына келтіру тапсырылды. Бұдан бөлек, Президент жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына барды. Травматология бөліміндегі палаталарды аралап бүлік кезінде зардап шеккен азаматтармен сөйлесті.

Ешкім елеусіз қалмайды. Қасіретті қаңтарда ел үшін тұрып берген азаматтарға көмек көрсетіледі. Алматы қайта түлейді. Түлету үшін де бүгін Президент арнайы барды.   

Қорған Қонысбайұлы