Қ. Тоқаев: Қаза тапқан батырларға арнап пантеон саламыз

Алматыда бүлік кезінде қаза тапқан тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлерге арнап пантеон салынады. Қара жамылған отбасымен кездескен Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев содырлармен соғыста жер жастанған жандардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз деді. Осындай есіл ерлерді өмірге әкелген аналарға ерекше алғыс айтып, басын иді. 

Алматы қанға бөкті. Айтаққа ергендер алаңға аттанып, ару қаланың  астаң-кестеңін шығарды. Бұлғақты басуға барғандар да бұларға бөгет бола алмады. Қарусыз келген полиция тепкінің астында қалды. Ашуға булыққандарды сарбаздар сабасына түсірмек еді. Қару асынғандар оларды да шетінен жапырып тастады. Осы бүлікте 16 күштік құрылым өкілі қаза тапты. Олар бар болғаны – ел тыныштығын сақтауға тырысып еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Балаларыныз еліміз үшін, халқымыз үшін жанпида болды. Нағыз батырлар! Сондықтан оларды біз бәріміз ел болып, халық болып мақтан тұтамыз. Ерлік жасады балаларыңыз.

Біріне әке, біріне жар, енді біріне бала болды. Кеше ғана арқа-жарқа болысқан отбасылар қазір міне қара жамылып отыр. Тас түскен жеріне ауыр ғой. Жақынын жоғалтқан жандармен Президент кездесіп, қайғыра көңіл айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті

– Олардың есімдері халқымыздың жадында мәңгі қалады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ.

Мысықтілеулілер жымысқы ойын жасырып келген. Қорқаудай қапылыста қойып кеп жіберді. Мұндайда жан сауғалап шені мен шекпені барлардың біразы жапа-тармағай қашты емес пе?! Бірақ елі үшін шейіт болған батырлар бір қадам да шегінген жоқ. Мемлекет басшысы осындай баһадүрлерге арнап Республика алаңында алып кешен тұрғызамыз деп уәде берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүлікте қаза тапқан батырларды ел еш уақытта ұмытпайды. Олардың есімін ұлықтау үшін Республика алаңында пантеон тұрғызамыз. Қаза тапқан әскери қызметкерлер мен тәртіп сақшыларының отбасына мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.

Бұл ғана емес. Қаза тапқан күштік құрылым өкілдерінінің отбасы баспанамен қамтылады. Алматы әкімі оларға пәтер кілтін жақын күндері тапсырамын деп сөз берді. Қандықолдарға қасқайып қарсы шыққан жандарға берілген награданы Президент жақындарына өзі табыстады.  

Иә, қарс айырылған жүректі қайта жамап, жасқай алмайсың. Президент осындай ұл өсірген аналарға басын иді.

– Сізге рақмет. Сөзіңізде «балаларымыз, балаларымыз» деп отырсыздар. Ален Асылханов отбасындағы жалғыз ер азамат еді. Үйде ботам деп отырған анасы бар. Негізі бұл орден батырдың анасына тиесілі. Білгенімде анасы келер еді. Сол үшін сізге үлкен өтінішім бар. Камера арқылы болса да анасына көңіл айтып, батырдың анасына алғысыңызды білдірсеңіз деймін.

– Иә. Балаңыз нағыз ер азамат. Нағыз батыр болды. Біз бәріміз мақтан тұтамыз. Біздің еліміздің нағыз азаматы. Біз балаңызды ешқашан ұмытпаймыз. Батырдың отбасына әрқашан қол ұшын береміз.

Бейбіт шеру деп бұқараның берекесін қашырған сол сойқанда – арамзаларға алданып қалғандар болды. Өзіне қалқан болған жандарды жау көргендер – енді сабасына түссе екен... Жылай-жылай жанары суалған жандардың мұқым жұртқа қаратай атқан сөздері осы болды.

Халықтан сұрарым – елді өзгертемін десеңіз, өзіңізді өзгертіңіз. Өзіңізден бастаңыздар. Сіздлерге қару алып шыққан халық емес, тонау тонаған халық. Алдарыңызда сіздерді қорғаған полиция қызметкерлері. Сол үшін кішкене болса да соларға деген құрметтеріңіз болсын, өлгенмен өлмек жоқ. Алда да қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, солар ғана біздің қорғанышымыз екенін біліп жүріңіздер. 

Мұндай сұмдық енді қайталанбасын. Қара жамылған отбасылардың жалғыз қалауы осы. Ел іргесін сөгуді көздегендердің ешбірі жазасыз қалмайды. Көңіл айта барған Президент соңғы сөзін осылай сабақтады.

Дастан Сейілханұлы, Хабар 24