Елімізде болған қайғылы оқиғалар жүйелі өзгерістер қажет екенін көрсетті – Әшімбаев

Өткен қайғылы оқиғалар елімізге жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетті.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев палата отырысында осындай мәлімдеме жасады. Ол Мемлекет басшысының уақытылы әрі жедел қабылдаған шешімдерінің арқасында қысқа мерзімде еліміздегі жағдай тұрақталғанын атап өтті. Әшімбаев палата депутаттары алдағы уақытта болатын өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың отбасыларына көңіл айтты. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мемлекет басшысы Үкіметтің жаңа құрамына, барлық мемлекеттік аппаратқа жаңа міндеттер жүктеді. Жалпы болған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетеді. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Тұтас мемлекеттік басқару жүйесін меритократия, әділеттік, ашықтық негізнде қайта құру кезеңі. Осы жолда Парламент Сенаты Мемлекет басшысының барлық бастамасын қолдай отырып, оларды заңнамалық қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды сапалы жүзеге асыруға тиіс.