Әскери барлау қызметін күшейту керек – Қ.Тоқаев

Әскердегі қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау керек, деп хабарлайды Хабар 24.

Сондай-ақ оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет. Мемлекет басшысы, Қарулы күштердің жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен кеңесте осылай деді. Президент ел басшылығын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс әскери барлау қызметін күшейтуді міндеттеді. Ал қару-жарақ және әскери техника сатып алу жөніндегі биылға арналған жоспар қайта қаралмақ. Қарулы күштердегі кадрлық әлеуетті арттыру шаралары да қабылданады.

Жоғарғы Бас қолбасшының пікірінше, ең алдымен ел басшылығын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметін күшейту керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет.

Кеңес барысында Президент көпшілікке жаңадан тағайындалған қорғаныс министрін таныстырды. Сондай-ақ Қазақстан Қарулы күштерінің әскери дайындығын түбегейлі арттыруды талап етті.