425,02 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстан халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастыра береді

  • 113
  • UPD: 23:23, 20.01.2022

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Венада журналистермен жүздесуде мәлімдеді. Ол Австрияға жұмыс сапары барысында елдегі жағдай тұрақты екенін де жеткізді.

Еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді австриялық әріптесімен кездесуден кейін журналистер сұрағына жауап берді. Министр Қазақстандағы жағдайдың тұрақталғанын айтып, екі жақты ынтымақтастыққа қатысты ортақ жоспарларымен бөлісті. Қазақстан халықаралық міндеттемелерін әрі қарай да орындай беретінін жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі:

- Австрия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің бірі. Біз экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға, озық технологиялар мен ноу-хауды тартуға, Австрияға жасалатын экспортымызды әртараптандыруға мүдделіміз. Өкінішке орай, осы жылдың басында біз шабуылға тап болдық. Азаматтарымыздың бейбіт шеруін ел ішіндегі және одан тыс жерлердегі деструктивті күштер пайдаланып кетті. Қарулы бандиттердің тәртіпсіздіктерді ұйымдастырудағы үйлестірілген әрекеттері, экстремистік топтардың дайындығы мен олардың қаржылануы мұны растайды. Олар Қазақстан халқына террор жасағысы келді. Болған оқиға - теракт.

Мұхтар Тілеуберді қаңтардың басындағы оқиғаға қатысты австриялық журналистердің барлық сұрағына егжей-тегжейлі жауап беріп, жан-жақты тергеу барысы жайлы айтып берді. Сыртқы істер министрі Қазақстандағы тәртіпсіздіктер салдарынан 227 адам қаза тапқанын да хабарлады. Тұтқындалған 7 мың адамның 2 мыңға жуығы әлі қамауда екенін және оларға әділ сот ісін жүргізуге кепілдік берілгенін жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанға уақытша жіберілген ҰҚШҰ бітімгерлік контингентіне тек Ресей сарбаздары емес, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан әскерлері де кірді. Олар өз міндеттерін сәтті орындады және бүгінде бітімгерлердің соңғы легі Қазақстаннан кетті. Шабуылдаушылардың көбі қазақ немесе орыс тілінде сөйлей алмайтынына қарап, олардың радикалды әрі экстремистік бағытта әрекет еткенін айтуға болады. Екі полицейдің басын кесу мен мәйітханаға шабуыл жасау, сондай-ақ қаза тапқан 40-тан астам серіктерінің денесін ұрлау фактілері тіркелді.  

Австрия Сыртқы істер министрі Александр Шалленберг телеарнамыздың Қазақстандағы оқиғаға баға беру мен пандемиядан кейінгі ынтымақтастыққа қатысты сұрағына қазір қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық аса маңызды деп жауап берді. 

Александр Шалленберг, Австрияның Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанда болған оқиғалар алаңдатарлық. Фотосуреттер мен жаңалықтарды көріп, жағамызды ұстадық. Қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Енді елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толығымен қалпына келтіретін кез келді. Бұл тек Қазақстан халқының мүддесі үшін емес, сонымен қатар серіктестеріңіз, соның ішінде ЕО мен инвесторлардың мүддесі үшін қажет. Қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық, адам құқықтарын құрметтеу, сөз бостандығы мен заң үстемдігі Қазақстан халқы үшін ғана емес, халықаралық қоғамдастық пен инвесторлар үшін де маңызды.

Александр Шалленберг Президент Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық реформаларын қолдайтынын және инфрақұрылым мен жасыл технологияларды дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге де тоқталды. Сапар барысында еліміздің сыртқы саяси ведомствосының басшысы ЕҚЫҰ өкілдерімен және басшыларымен кездеседі. Сонымен қатар аталған ұйымның тұрақты кеңесінің отырысына қатысады.

Хабар 24 телеарнасы