«Қазақстанға қаны қас саяси күштердің жетегінде кетіп отыр». Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропарламент қарары жөнінде

Парламент Сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Еуропа Парламенті Қазақстандағы жағдай бойынша қарарды асығыс қабылдағаны жөнінде айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанда «қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты бүкіл республика бойынша жарияланған төтенше жағдай аяқталмай жатып, Еуропа Парламенті 19 қаңтар күні осы оқиғаларға қатысты резолюцияны талқылауға кірісіп кетті. Тіпті, кеше 20 қаңтар күні оны асығыс жағдайда қабылдап үлгерді.

Кейінгі 2 жыл ішінде Қазақстан президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен демократиялық, саяси реформалардың 4 бірдей топтамасын қабылдады.

Нәтижесінде қазақ қоғамында ұзақ жылдар бойы қордаланған көптеген проблемалар оң шешімін тапты. Отандық заң жүйесіне бейбіт шерулерді бұрынғысынша арнайы рұқсатпен емес, тек алдын ала мағлұмдау арқылы өткізу, саяси партияларды тіркеуге қажетті шектеулікті 40 мың адамнан 20 мыңға дейін төмендету, әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыздық квота енгізу, парламенттік оппозиция институтын қалыптастыру сияқты нормативті құқықтық өзгерістер енгізілді.

Бұдан басқа ауыл әкімдерін тікелей сайлау қолға алынып, ол өткен жылы ойдағыдай жүзеге асырылды.

Мәжіліс депутаттарын сайлау үшін ұзақ жылдар кедергі болып келген 7 пайыздық талап 5 пайызға дейін төмендетіліп, сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Өткен жылдың соңында бір топ Парламент депутаттарының авторлығымен «Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы» заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Осының бәрі небәрі 2 жыл ішінде жүзеге асырылды. Бұл аталған қысқа мерзім үшін аз жетістік емес.

Дәл қазіргі кезде отандық заңнаманың демократиялық талапқа сайлылығы жөнінен Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің алдында тұр десек, артық айтқандық болмайды.

Демократия – өз құқығыңды айқайлап талап ету ғана емес – өзгенің де құқығын сыйлау. «Қаңтар оқиғасы» кезінде осы талап өрескел бұзылды. Бейбіт шеруге шыққан халықты қалқан еткен ішкі және сыртқы деструктивті күштер құқық қорғау қызметкерлеріне оқ атып, салдарынан халықтың заңды құқықтарын қорғау күзетінде тұрған қаншама азамат қаза тапты. Ауыр жарақат алып, мүгедек болған жандар, асыраушысынан айырылып, қара жамылған отбасылар қаншама?!

Міне, осындай бүкіл Қазақстан халқының қауіпсіздігі мен бостандығына, ел тәуелсіздігіне қауіп төнген жағдайда Конституция кепілі саналатын Президент бірден бір дұрыс шешім қабылдап, елге ұжымдық қауіпсіздік күштерін уақытша енгізді. Нәтижесінде зор қауіптің алды алынып, арада небәрі бір апта уақыт өткенде бұл күштер түгелімен кері қайтарылды.

Қазір Қазақстанның құқық қорғау органдары «қаңтар оқиғасы» бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, бұл қанды оқиғаны ұйымдастырушылар мен жазықтыларды анықтауда.

Міне, осындай заңдық шаралар басталмай жатып, Еуропа Парламенті асығыс шешімге жол беріп отыр. Өз басым Еуропарламенттің бұл резолюциясымен мүлдем келіспеймін.

Қазақстан 2015 жылы ғана Еуропа Парламентімен кеңейтілген әріптестік туралы келісімге қол қойып, ол тек елімізде демократиялық реформаларға кең жол ашылған 2020 жылдың 1 наурызында бекітілген болатын. Сондағы Еуропа Парламентінен біздің күткеніміз осы ма еді?

Дәл бұл жолы олар Қазақстанға қаны қас кейбір саяси күштердің жетегінде кетіп, солардың ықпалындағы депутаттардың ұсыныстарымен атүсті, тіпті ұшқары шешімге барып отыр.

Еуропа Парламенті сияқты беделді ұжым мұндай шешім қабылдау үшін Қазақстанға келіп, оқиғадан зардап шеккен, құқығы аяққа тапталған, біреудің әкесі, біреудің ұлы қаза тапқан отбасылармен кездесіп, ойрандалған қалаларды өз көзімен көруі керек еді. Олар осындай ең қарапайым адамгершілік, моральдық қағидаттарды аяққа басып, біржақты шешім қабылдаған.

Шешімді қабылдау кезінде сөйлеген депутаттар Қазақстанның позициясын қолдап, әділ пікір білдірді.

Франциялық депутат Тьерри Мариани Қазақстанның үнемі бейбітшіл саясат ұстанатынын, ондағы ұлтаралық, дінаралық келісімге бағытталған саясаттың оң нәтиже беріп келе жатқанын тілге тиек етіп, ресми билік органдарының нақты ақпаратын күту керектігін орынды алға тартты.

Тіпті Германиялық депутат Максимилиан Краның бейбіт шеруші деп жүргендердің мұздай қаруланған топ екендігін, ал қарулы топқа қарсы қару қолдануға болатындығын айтқан уәждерін сыртқы күштердің ықпалында кеткен кейбір әсіре қызыл депутаттар қаперіне алғысы келмеді.

Латвиялық депутат Татьяна Жданока Еуропа Парламенті депутаттарының судья емес екендігі, сондықтан Қазақстан билігімен өзара сенім мен сыйластыққа негізделген диалог орнату керектігі жөніндегі пікірін әншейінде саяси диалог мәдениетін ұстану керектігін алға тартатын еуродепутаттар байқағысы келмеген сыңай танытты.

Жалпы резолюцияны талқылау барысында Қазақстанды, онда болған қасіретті оқиғаларды тоқтату жөніндегі ресми билік қабылдаған шешімдердің дұрыстығын қолдап сөйлегендер аз болған жоқ.

Болгариялық депутат Иво Христовтың бұл оқиғаға қатысушылар арасында діни экстремистер болуы мүмкіндігі мен одан төнген қауіп туралы пікірі Орталық Азияда қалыптасқан күрделі жағдайдан мол хабар берсе де, сыңаржақ ойлар жетегінде кеткен депутаттар резолюцияны қабылдап жіберді.

Еуропа Парламентінің бір де бір депутаты немесе депутаттық тобынан Қазақстан тарапына дәл бүгінгі күнге дейін «қаңтар оқиғасына» байланысты мағлұмат сұраған ешқандай өтініш келіп түскен жоқ. Ақпараттық телекоммуникация дамыған заманда бұған сенудің өзі қиын.

Әріптес болуы үшін екіжақты қимыл, өзара іс-әрекет, пікір алмасу болуы керек. Бұл мемлекеттер мен олардың мүдделерін жақындастырады. Қазақстан Еуропа Парламентімен кеңейтілген әріптестікке қол қойғанда осыны көздеген. Өкінішке қарай, олардың асығыс, атүсті қабылдаған шешімдері бұған мүлде кереғар болып шықты. Бұл саясатын қашанда өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастыққа және адал әріптестікке құратын Қазақстанның Еуропа Парламентіне деген сенімін азайта түсті. Еуропалық әріптестер өз қателіктерінен тиісті қорытынды шығарады деп үміттенеміз.

Еуропарламенттің біржақты және асығыс қабылдаған резолюциясына қарамастан, кеше Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев атап көрсеткендей: «Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне және адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы әмбебап қағидаттарға бейілдігін сақтайды. Біз саяси жаңғыруға негізделген бағытымызды ешқашан өзгертпейміз. Хаос жағдайында даму, тұрақтылықты сақтау және реформалар жасау мүмкін емес. Заң мен тәртіп – тұрақтылығымыздың негізі», – болып қала береді.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы