Қаңтар оқиғасы: ЕҚЫҰ Қазақстанға қолдау білдірді

Қаңтар оқиғаларынан кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясы Қазақстанға қолдау білдіреді және биліктен ресми тергеу нәтижелерін күтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнамызға берген сұхбатында ұйым төрайымы осылай деді. Еске салайық, еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Австрияға жұмыс сапарымен барған еді.   

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тұрақты кеңесінің отырысына қатысқан Мұхтар Тілеуберді елімізде қаңтардың басында болған оқиғалардың себебі жайлы айтып, лаңкестікке қарсы операция, сонымен қоса Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік миссиясының нәтижелерімен бөлісті. Министр қазір жағдайдың тұрақталғанын және Қазақстанның барлық халықаралық міндеттемелерді орындайтынын жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі:

- Мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің тұрақты өкілдеріне қаңтардағы оқиғалар туралы Қазақстанға қандай ірі лаңкестік шабуыл жасалғаны, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының көмегіне жүгінгеніміз жайында айтып бердім.

Сонымен қоса Мұхтар Тілеуберді президенттің жаңадан құрылған үкіметке әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту бойынша қандай міндеттемелер қойғаны туралы әңгімеледі. «Естуші мемлекет» концепциясы аясында жүргізіліп жатқан саяси реформалардың жаңа пакеті де талқыланды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі:

- Ұйымға мүше елдердің барлығы дерлік Қазақстанға қолдау білдіріп жатыр. Сондықтан Президенттің парламент алдында айтқан бастамаларын да құптайды. Бұл ең алдымен саяси реформалардың бесінші пакетіне қатысты. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен халықаралық бірлестік институттары саяси реформалардың жаңа пакетін әзірлеуде көмек қолын созуға дайын. Әсіресе Президенттің өңірлердің дамуы арасындағы теңсіздікті жою жөніндегі экономикалық бастамалары ерекше қызықтырып отыр.

Александр Лукашевич, Ресейдің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы тұрақты өкілі:

- Біздің делегация кез келген халықаралық құрылымдар аясында нақты бір елдерге қатысты қарарлардың қабылдануына қарсы. Басқа елдегі проблемаларды талқылай аламыз. Алайда нақты мән-жайды білмей жатып, өзге елдің ішкі істеріне араласу қауіпті болуы мүмкін. Қаңтар оқиғаларының қалай өрбігені, қаншама адамның зардап шегіп, инфрақұрылымға қандай нұқсан келтірілгені туралы жан-жақты мағлұмат берілуі керек. Ал Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстан халқын қолдау сөздерімен ғана шектеліп қана қоймай, нақты қадамдарға баруы қажет.

Мұхтар Тілеубердінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тұрақты кеңесінің отырысындағы сөзінен кейін қолдау білдіргендер көп болды.

Маргарета Седерфельт, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының төрайымы:

- Ең алдымен Қазақстан халқына көңіл айтамын. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанға қолдау білдіреді және ресми тергеу нәтижелерін асыға күтеді. Парламенттік ассамблеяның арнайы өкілі әріптесі - Қазақстан Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровпен байланысын үзбей отыр, сондай-ақ жақында елдеріңізге сапар шегуді жоспарлап отыр.

Австрияға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Мұхтар Тілеуберді еуропалық тілшілер үшін баспасөз мәслихатын өткізді. 

Жұлдыз Атагельдиева, Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов