Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге қашан да дайын – Әлихан Смайылов

Ә.Смайылов бизнес өкілдерімен кездесуде сөз сөйлеп, Үкімет бизнестің, оның ішінде ірі бизнестің де дамуына қолайлы жағдай жасау үшін тиісті шараларды қабылдайтынын атап өтті, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің ресми сайты.

«Бүгін осы залда еліміздің дамуында елеулі рөл атқаратын ірі бизнес өкілдері жиналып отыр. Ірі кәсіпкерліктің Қазақстан экономикасындағы үлесі 48%-ті құрайды. Сондықтан осы бизнес сегментінің жауапкершілігі де өте зор. Үкімет бизнестің, оның ішінде ірі бизнестің де дамуына қолайлы жағдай жасау үшін тиісті шараларды қабылдайды. Қазіргі таңда жаһанды жайлаған дағдарыстан кейінгі біздің алдымызда тұрған ең маңызды мәселенің бірі – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен саясаты осы мақсатқа бағытталатын болады. Бұл ретте, ең күрделі мәселенің бірі – ол инфляция деңгейін төмендету. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Үкімет тиісті жедел шаралармен бірге жүйелі шараларды іске асырады. Бірінші кезекте, бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, азық-түлікпен ішкі нарықты толықтыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.  Мезгіл аралық кезеңде инфляция қысымы мен сыртқы факторлардың әсерін төмендету үшін тиісті логистика жүйесін құру өте маңызды. Ірі кәсіпкерлерді осы жұмысқа қатысуға шақырамыз» – деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов Үкімет ірі бизнес өкілдерімен өзара бірлесіп жұмыс істеуге қашан да дайын екенін айтты.

«Жақында орын алған оқиғалар аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жедел шараларды іске асыруда. Біздің міндетіміз – зардап шеккен бизнес субъектілерінің жұмысын тез арада қалпына келтіру. Осыған байланысты, біз осы жұмысқа ірі бизнесті қатысуға шақырамыз. Қазіргі кезде ағымдағы жоспарлар қайта қаралуда. Сондай-ақ Президент тапсырмаларын ескере отырып, өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған қажетті шараларды қамтитын 2022 жылға арналған Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы әзірленуде. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз қойған барлық тапсырмалар орындалатын болады. Біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бизнеспен бірлесіп белсенді жұмыс жасаймыз», – деді Үкімет басшысы.