БҰҰ сарапшылары Қазақстанға реформалардың бесінші пакетін әзірлеуге көмектеседі

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінің сарапшылары Қазақстандағы саяси реформалардың бесінші пакетін әзірлеуде көмек қолын созуға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Біріккен Ұлттар Ұйымының Женевадағы бөлімшесінде өткізген кездесулерінен кейін белгілі болды. Швейцарияға жұмыс сапары барысында Мұхтар Тілеуберді ұйымның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары және кеңестің қазіргі төрағасы Федерико Вильегаспен кездесті. Басқосу барысында министр сұхбаттастарын Қазақстандағы соңғы оқиғалардың себептері мен салдары, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдегі қалыпты тіршілік әрекетін қалпына келтіру бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті. Қазақстан билігі мұқият және толыққанды тергеу жүргізіп, оның нәтижелері әлемдік қоғамдастыққа ұсынылатындығын атап өтті. Келіссөздер кезінде Мұхтар Тілеуберді еліміздің адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы өзінің халықаралық міндеттемелерін ұстанатынын да жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі:

– Біз өз тарапымыздан тергеудің ашық, транспарентті түрде жүргізілетінін жеткіздік. БҰҰ арнайы баяндамашылары кез келген уақытта Қазақстанға келуге құқылы. Қазақстан биылдан бастап Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің мүшесі болды, сондықтан біз осы кеңестің алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саяси реформалар туралы барлық мүше мемлекеттерді хабардар етуге мүмкіндігіміз бар. Төрт пакет аясында қандай ұсыныстардың жүзеге асырылғаны жөнінде егжей-тегжейлі айтып бердім. Қалған ұсыныстарды біз Президент бастамашы болған саяси реформалардың бесінші пакетіне енгізуге дайынбыз. Және олар аталған жобаны іске асыруға қатысуға дайын екендіктерін растады.