Инвестициялық саясат – Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының ажырамас бөлігі – Қ.Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай бейнебайланыс режимінде өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан Президенті саммитте сөйлеген сөзінде Қытай басшысының осындай маңызды әрі дер кезінде қолға алынған іс-шараны өткізу туралы бастамасына ризашылығын білдірді.

«Біз бірнеше ғасырдан бері тарихи қарым-қатынас орнатып келеміз. Тату көрші болғанымызды және өзара тиімді ынтымақтастықтың осындай табысты тәжірибесін шын жүректен бағалаймыз. Құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сіздің беделді және тиімді басқаруыңызбен Қытай Халық Республикасы өзінің дамуында таңғаларлық жетістіктерге жетті. Қытай қазір өрлеудің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына кіруге лайық», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының зор қарқынымен, жоғары сенімге және шынайы тату көршілікке негізделуімен ерекшеленетінін атап өтті.

«Бүгінде екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетіп отыр. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17 миллиард долларға дейін жеткен. Қытайдың Орталық Азия елдеріне құйған 40 миллиард доллар инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан біздің еліміздің Қытайға аймақтағы ең ірі сауда-инвестициялық серіктес атануы заңды», – деді Президент.

Президент шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерін одан әрі жан-жақты қолдауға мүдделі екенін жеткізді.

«Қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірлеуде. Мұндай саясат – Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының ажырамас бөлігі», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы өзара ықпалдастықтың және инфрақұрылымдық, оның ішінде «Бір белдеу – бір жол» мегажобасы аясындағы жобаларды іске асырудың стратегиялық сипатын атап өтті. Президенттің айтуынша, өткен 30 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекеттері тату көршілікке және бір-біріне тұрақты қолдау көрсетуге негізделген шынайы ынтымақтастық орната алды.