Қазақстан мен Қытайдың сауда көлемі 17 млрд долларға жетті

Орталық Азия мен Қытай арасында жаңа құрлықтық дәліздер іске қосылады. Біздің ел 2025 жылға дейін бұл мақсатқа 20 миллиард доллар бағыттауды жоспарлап отыр. Мұны бүгін «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Мемлекет басшысы айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытай – іргедегі ірі көршіміз. Бүгінде әлемнің негізгі экономикасы саналатын алпауыт елмен етене араласамыз. Қай салада болмасын алыс-беріс жоғары. Бүгінде екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда көлемі 17 млрд долларға жеткен. Қытайдың Орталық Азия мемлекеттеріне салатын 40 млрд долларлық инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі. Ендеше еліміздің Қытайдың ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналуы заңдылық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бірлескен кәсіпорындар саны артып келеді. Өнеркәсіпте, энергетикада, машина жасауда, ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда зәкірлік жобалар іске асырылып жатыр. Біртіндеп сауда кедергілері де жойылып келеді, заманауи бекеттер ашылып жатыр. Қосымша әуе рейстері мен теміржол бағыттары ашылуда.

Инвесторларды қолдау жалғаса береді. Мемлекет басшысы Үкімет жаңа инвестициялық саясат әзірлеп жатқанын атап өтті және «Бір белдеу – бір жол» бастамасы пандемия кезінде өзінің сұранысқа ие екенін көрсетті – деді. Сондықтан бұл жоба әрі қарай да жалғасын таппақ. Саммитке бастамашы болған Қытай. Елдің басшысы жиында «Қытай мен Орталық Азия халықтарының достығы» тақырыбында форум өткізуді және индустрия мен денсаулық одағын құруды ұсынды. Бастама қолдау тапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Индустрия мен денсаулық одағын құру туралы ұсынысыңыз өте қызықты идея. Мұны Қазақстан қолдайды. Сонымен қатар «Қытай мен Орталық Азия халықтарының достығы» форумын өткізу жөніндегі бастамаңызды да қолдаймыз. Білім беру, мәдениет және туризм саласындағы қазіргіден де тығыз әріптестік туралы ұсынысыңыз да зор маңызға ие.

Қытайдан импорттаймыз һәм экспорттаймыз. Алайда шекарада заңсыздық көп. Кеденде тәртіп орнату бойынша тексерістер басталды. Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев «заңсыздыққа қарсы күресті күшейтеміз» деді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Заңсыз схемалар құрып, бизнестің алдына кедергілер тосқан жосықсыз кәсіпкерлермен күресті күшейтеміз. Құқыққа қарсы мұндай әрекеттермен күрес жуық арада нәтиже беретініне сенімдімін. Қазақстанға кіретін импорт пен үшінші елдерге бағытталған тасымалдар ешқандай да зардап шекпейтініне сендіргім келеді. Үкімет пен құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар бердім. Шекаралық аймақтарда біз көтерме-тарату және агрологистикалық орталықтары бар инфрақұрылым құруды жалғастыра береміз. Осының бәрі өңірішілік сауданың өсуіне жағымды ықпал етуде.

Қазақстан Қытайға тауардың 135 түрін экспорттайды. Тауар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жеткілікті. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев мынадай ұсыныс айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әсіресе ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің ақшалай көлемі бір миллиард доллардан асады. Осыған байланысты сауда және көлік бойынша өзара бірлескен тәсілдерді әзірлеу үшін министрліктер деңгейінде «Орталық Азия – Қытай» консультациялар механизмін іске қосуды ұсынамын.

Орталық Азия мен Қытай арасында жаңа құрлықтық дәліздер іске қосылады. Біздің ел 2025 жылға дейін бұл мақсатқа 20 миллиард доллар бағыттауды жоспарлап отыр. Бұл Қытайдан бағыт алатын транзиттік ағынның арнасын кеңейтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша Орталық Азияның көлік коммуникациясын дамыту арқылы 5 мемлекеттің жалпы ішкі өнімін 15 пайыз деңгейінде өсіруге мүмкіндік бар. Бұл біз іске қосуға тиіс орасан резерв деген сөз. Біз аталған бағыттағы кез келген ақылға қонымды ұсынысты қолдауға дайынбыз.

2060 жылға қарай көмірсутекке тәуелсіз ел болу мақсаты тұр. Ал 2030 жылы баламалы көздердің жалпы энергиядағы үлесін 15 процентке жеткізу міндеті қойылды. Бұл істе де Қытайдың тәжірибесі маңызға ие деді Президент. Өз кезегінде Си Цзиньпин әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қолдау білдірді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

– Бәріміз сыртқы күштердің «адам құқықтары» деген сылтаумен ішкі істерімізге араласу, халқымыздың тыныш өмірін бұзу талпыныстарына үзілді-кесілді қарсы тұрамыз. Жақында Қазақстанда болған тәртіпсіздіктер түрлі шығындарға әкеп соқтырды. Қазақстанның көршісі әрі досы бола отырып, Қытай Қазақстанның зорлық-зомбылықты тоқтату және жағдайды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерін барынша қолдайды. Қытай Қазақстанға қажетті қолдау мен көмек көрсетуге дайын.

Тату көршілік пандемия кезінде де нәтижесін берді. Қытай Орталық Азияның бірнеше еліне гуманитарлық көмек жіберді. Әлі де жәрдем беруге ниетті. Қытай төрағасы 50 млн доза вакцина бөлетіндерін айтты.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

– Вирус шекараға қарамайтынын тағы бір рет дәлелдеді. Адамзаттың тағдыры ұқсас. Осыған байланысты Орталық Азия мемлекеттеріне вакцина және эпидемияға қарсы құралдарды тасымалдауға, сонымен бірге дәрі-дәрмектерді бірлесе дайындауға әзірміз. Ал 2022 жылы Қытай Орталық Азия елдеріне гуманитарлық көмек ретінде қосымша 50 млн доза вакцина бөледі. Сондай-ақ қажет болса, Орталық Азия мемлекеттерінде Қытай медициналық орталық ашуға да дайын.

Күзде елордада  Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің мерейтойлық саммиті өтеді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің басшыларын және Қытай төрағасын сол жиынға қатысуға шақырды.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы