Қ. Тоқаев: Орталық Азия – Үндістан көлік транзитін дамыту керек  

Орталық Азия мен Үндістан арасындағы басымдықты сауда-экономикалық бағытқа беру керек. Көлік транзитін дамыту қажет. Орталық Азияның көліктік-логистикалық әлеуеті зор. Мемлекет басшысы бүгін алғаш рет ұйымдастырылған «Орталық Азия – Үндістан» саммитінде осылай деді.

Жиынға Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди бастамашы болды.

2020 жылы Орталық Азия мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 3 млрд АҚШ долларына жетті. Сауда-саттықтағы Қазақстанның үлесі 80 процентті құрады. Дегенмен, қазіргі көрсеткіштер біздің экономикалық әлеуетімізге әлі де сәйкес келмейді.

«Сондықтан Үндістан тарапының сауда және индустрия министрлері деңгейінде сауда-экономикалық платформа құру бастамасы дұрыс. Біз оны қолдаймыз»,–  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әрі Орталық және Оңтүстік Азияның өзара байланысы үшін транзиттік инфрақұрылым қажет екенін айтты.

Президент өңіраралық көліктік инвестициялық консорциум құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстанның батысындағы «Ақтау» және «Құрық» порттары арқылы өтетін бағыттың да әлеуеті жоғары. Ол бойынша жылына 26 млн тонна жүк тасымалданады. Каспий арқылы теңіз жағалауындағы елдер мен Түркияға одан әрі батысқа бағыт алуға мүмкіндік бар. Ал соңғы 10 жылда Қазақстан ұлттық көлік инфрақұрылымын дамытуға 30 млрд доллар инвестиция құйды. Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.