Шахрат Нұрышев Иранның Қазақстандағы елшісімен кездесті

ҚР СІМ

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 30 жылдығына орай Иран Ислам Республикасының елшісі Маджид Самадзадэ Сабермен кездесті.

Кездесу барысында Ш.Нұрышев 30 жыл ішінде қол жеткізілген Қазақстан-Иран жан-жақты әріптестігінің жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Өз кезегінде елші екі ел арасындағы сауда және транзиттік мүмкіндіктерді барынша кеңейту қажеттігін атап өтіп, болашақта сауда-экономикалық қатынастар одан да тығыз дами түсетініне, ал сыртқы саяси ведомстволар осы саладағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.

Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың практикалық аспектілерін қозғай отырып, дипломаттар екі мемлекеттің өзара тиімді ынтымақтастығын нығайту үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Мерейтойлық күнге орай тараптар Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Иранның сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллахиянның құттықтау хаттарымен алмасты.

М.Тілеуберді өз жолдауында «Қазақстан мен Иран арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастар алдағы уақытта дәстүрлі түрде екі елдің игілігі үшін достық пен өзара тиімді ынтымақтастық рухында дамитын болады» деп атап өтті. Ол Қазақстан тарапы Иран тарапымен бірлесіп, екі ел халықтарының мүддесі үшін өзара тату көршілікке негізделген Каспий өңіріндегі елдер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерін салуға дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде Хоссейн Амир Абдаллахиян «соңғы отыз жыл ішінде Иран мен Қазақстан біздің тарихи және өркениеттік байланысымыз бен тату көршілік саясатымызға сүйене отырып, достық қарым-қатынаста екенін» еске салды.

«ШЫҰ Душанбе саммиті аясында біздің президенттеріміздің кездесуінде елдеріміздің сауда және транзиттік мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажеттігіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты, біздің мемлекеттер арасындағы жан-жақты, әсіресе экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үміттенеміз», - деп атап өтті Иран министрі.

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 қаңтарда орнатылды.

Дипломатиялық қатынастардың орнатылған күннен бері Қазақстанға 140 млн доллардың шамасында ирандық инвестициялар тартылды. Бұл ретте 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 13,2 млн долларға жетті.

Өзара сауда айналымы да оң үрдіспен дамуда – 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша сауда-саттықтың көлемі 406,2 млн. АҚШ долларын құрап, алдынғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе арта түсті.