Биыл елордада 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

Сонымен қатар 40 тұрғын үй кешені мен 16 мектептің құрылысы аяқталады, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл туралы Президенттің қабылдауында болған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің баяндамасынан белгілі болды. Олар Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берді. Әлеуметтік нысандардың құрылысы, газбен қамту ісі, үлескерлік құрылыс нысандарының аяқталуы және инвестиция тарту мәселелерін жеткізді. Мемлекет басшысы тозығы жеткен ескі үйлерді сүріп, жаңа тұрғын үй алаптарын дамыту қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ қабылдау кезінде жаңа жұмыс орындарын ашу және жастарды қолдау мәселесіне ден қойылды. Бұдан бөлек, Президентке қаладағы эпидахуалды тұрақтандыру мен вакциналау барысы туралы баяндалды. Президент елорданы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.