Ерлан Қошанов: Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету – ерекше мәртебе

Бүгін Парламенттің төменгі палата депутаттары Ерлан Қошановты бірауыздан Мәжілістің төрағасы етіп сайлады.

Пленарлық отырыс кезінде оның кандидатурасын депутат Ерлан Сайыров ұсынған. Сайлау бюллетеньдерін қолдана отыра, халық қалаулылары оған құпия түрде дауыс берген. Бұл процедураны өткізу үшін арнайы есеп комиссиясы құрылып, кабиналар мен сайлау жәшігі қойылған. Ерлан Қошанов 2019 жылдан бері Президент Әкімшілігін басқарған. Бүгін ол осы қызметтен босатылды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Өмір жолымның бірқатар уақыты осы Парламент қабырғасында өтті. Сіздердің сенімдеріңіздің арқасында, осы абыройлы жұмысты бірге жалғастырамыз деп ойлаймын. Парламент Мәжілісіне жетекшілік ету бұл, әрине, ерекше мәртебе. Бұл Қазақстан халқы мен Мемлекет басшысының алдындағы зор үлкен жауапкершілік.

Н.НЫҒМАТУЛИН ДЕПУТАТТЫҚ ӨКІЛЕТТІГІН АЯҚТАДЫ

Сонымен бүгін Нұрлан Нығматулин депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын аяқтады.

Еске сала кетсек, ол 2016 жылдан күні бүгінге дейін Парламенттің төменгі палатасының төрағасы қызметін атқарып келген.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы төрағасы:

– Биыл Мәжіліс спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төраға болдым. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік.