Күзде астанада АӨСШК саммиті өтеді

Күзде елордада Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдер арасында саммит өтеді.

Онлайн болатын шараға 27 мемлекеттің басшылары қатысады. Бүгін еліміздің Сыртқы істер Министрлігінде саммитке қатысты жол картаға қол қойылды. Кездесу аясында өтетін барлық іс-шара бекітілді. Қазақстан 2019 жылдан бері Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық етеді. Бүгінде бұл кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы серіктестік байланыс орнату жұмыстары қолға алынды. Қазақстан Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңестегі төрағалықты 2023-2024 жылдарға ұзартпақ ниетте.

Қайрат Сарыбай, АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры:

- Кеңестің ұйым атануға толық мүмкіндігі бар. Оған 30 жылдық жұмыс нәтижесі дәлел. Өзге форумдарға қарағанда ұйымның өзіндік ерекше тұстары белгіленген. Бірінші кезекте жүйелі түрде саяси деңгейде ұйымдастырылған кездесулерді айтуға болады. Кеңес ұйымға айналса Азиядағы ұлттар арасында өзара ынтымақтастықты еркін айқындауға мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар саяси серпін де берері сөзсіз.