Мемлекет басшысы «ТАНЕКО» кешеніне барды

Қазаннан кейін Мемлекет басшысы Татарстанның Нижнекамск және Набережные Челны қалаларына барды. Мұнай өңдеу кәсіпорны мен әйгілі КАМАЗ-дың зауыттарын аралады. Алдағы уақытта Қазақстан мен Татарстан арасында осы бағыттарда бірқатар жоба жүзеге асырылады.

Ресейде 75 жылдан бері жұмыс істеп кел жатқан «Татнефть» деген әйгілі мұнай компаниясы бар. Сол компанияның құрамына «Танеко» аталатын мына мұнай өңдеу зауыты кіреді. Кәсіпорын Татарстанның Нижнекамск қаласында орналасқан. Сапар барысында Мемлекет басшысы зауытқа арнайы соқты. Себебі, біздің ел де мұнай өндіруден көш ілгері. Татарлардың да бұл салада мол тәжірибесі бар.

2005 жылы құрылысы басталған зауыттан алғашқы өнім 2010 жылы алынған. Санаулы жылдың ішінде Танеко әлем бойынша мұнай өңдейтін үздік компаниялардың ондығына кірген.

Танэкода жылына 16 млн тонна мұнай өңделеді. Қалдық қалмайды десе де болады. Мұнда мазут деген атымен жоқ. Ауыр мұнай қалдықтарынан АИ 92, 95, 98, 100 бензині, керосин, дизель отыны мен түрлі май өндіріледі. Бәрі еуро 6 стандартына сай. Заманауи технологияны игерген татарлар шикізат күйіндегі мұнайды 99 процентке дейін өңдейді.

Бүгінде Ресейде мұнай өңдейтін 28 зауыт бар. Ал, кеңес одағы ыдырағаннан кейін Ресейде жаңадан салынған жалғыз зауыт осы ғана. Өзге мұнай өңдеу кәсіпорындары тек жөндеуден өткен. Танеконың басшылығы Қазақстанның компанияларымен бірлесе жұмыс істеуге құлықты.

Илшат Салахов,  «ТАНЕКО» АҚ Бас директоры:

– Татнефть пен Қазмұнайгаз компаниялары тығыз байланыста. Атырау облысының экономикалық аймағында бутадиен өндіру үшін арнайы серіктестік құрылды. Бұл Қазмұнайгаз бен Татнефтьтің бірлескен жобасы. Жалпы инвестиция көлемі бір миллиард долларға жуықтайды. Өндіріс нысаны салынатын кезде 2 мың, ал, кәсіпорын іске қосылғанда 440 адам сол жерде жұмыс істейді. Атырауға барғанымызда ондағы мұнай өңдеу зауытын да көрдік. Егер қазақстандық әріптестер зауытты жаңғыртуды ұсынса, біз оған да дайынбыз.

Бұл алып кешенде жұмыс істеп тұрған құрал-жабдықтың 80 проценті Ресейде шығарылған.  Мемлекет экономикасына тың серпін берген жоба құрылыс индустриясының, жобалау ғылымының, машина жасаудың, инжинирингтің дамуына жол ашты. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан мен Ресей компаниялары арасындағы байланысты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Кәсіпорындардың еліміздегі бірлескен жобаларына қолдау көрсетілетінін айтты. Алып зауытқа барған Қасым-Жомарт Тоқаев «Татнефть» компаниясында тәжірибе жинап жүрген қазақстандық жастармен де кездесті. Азаматтарымыздың елге білікті маман болып оралуын тіледі.

Жуырда «Татнефть» компаниясы мен Семейдегі Геологиялық барлау колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Биылдан бастап қазақстандық колледждің студенттері аталған ірі кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді. Хош. Танеконың жұмысымен танысып, жастарымызбен кездескен соң Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанның Набережные Челны қаласында барды. Мұнда ірі автомобиль корпорациясы – «КАМАЗ-дың» зауыттары орналасқан. Алыс-жақын шетелдерге көлік экспорттайтын компания басшылығының айтуынша, Қазақстанның автомобиль нарығы өте маңызды бағыт. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің нарығындағы «Камаздың» үлесі 42 процентке болған.

Қазақстанда алдағы уақытта «КАМАЗ» көлігіне қажетті қосалқы бөлшектер шығарылмақ. Мұнда да біздің мамандар қазір тәжірибе алмасып жүр. Президент олармен де әңгімелесті. Тәжірибе жинау мақсатымен екі айға келген жұмысшылар алдағы уақытта Қостанайда ашылатын зауытта жұмыс істейді.

Осы машина жасау мен мұнай өңдеу салалары Татарстан экономикасының негізгі драйвері саналады. Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Рустам Миннихановпен бірге Татарстаннан шығатын тауарлардың көрмесін тамашалады.

Қорған Қонысбайұлы, Ержан Рахманбердиев, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев