Бас прокуратура: тағы 103 адам қамаудан босатылды

Inform.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл кеңесін өткізіп, ұлттық қауіпсіздіктің бірқатар өзекті мәселесі қарастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов «қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 3 мың 24 қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 779 адам қамауда отыр. Арасында ұйымдасқан қылмыстық топтардың 24 мүшесі бар. 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонаушылық және қарақшылық әрекеттері үшін бұрын сотталған. Прокурорлар азаматтардың тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан. Президент кеңесті қорытындылай келе, қаңтар оқиғасы бойынша мұқият және шынайы тексеру жүргізу, ұсталған азаматтардың құқықтарын қорғау, тексеру барысы туралы халыққа уақтылы ақпарат беру жөнінде мемлекеттік органдарға тапсырма берді.