Президент спортшы А.Әжіғалиевке жеделхат жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абзал Әжіғалиевке қолдау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазақстандықтар өзіңнің «Бейжің-2022» XXIV қысқы Олимпиада ойындарында көрсеткен өнеріңді асқан қызығушылықпен тамашалады. Олимпиаданың ашылу салтанатында көк туды желбіретіп алып шықтың. Өз жанкүйерлеріңнің сенімін ақтап, шорт-тректен 500 метрге жүгіруде финалдық бәсекеге дейін жетіп, нәтижесінде 4 орын иелендің. Бұл осы спорт саласы бойынша жоғары көрсеткіш екені анық», – делінген Президенттің жеделхатында. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыға дүбірлі додада нағыз ерік-жігер көрсеткені және жеңіске деген ұмтылысы үшін алғыс айтып, алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетеріне сенім білдірген.