Сенатта елдің сыртқы мемлекеттік қарыздарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

Депутаттардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесуін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Трұмов жүргізді. 

«Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы қарызының көлемі және квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышы 37,1 млрд доллар болды, бұл Ұлттық қор активтерінің 67%-і, яғни шегіне жақындады. Барлық дерлік министрліктердің, сондай-ақ жекелеген жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектордың сыртқы несиелері бар. Сондықтан олар үшін сыртқы несиелерді жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігі мәселелері маңызды және шешуші болуы керек», – деп атап өтті Серікбай Трұмов. Сенаторлар бұл ақшаны тиімді пайдалануда сыртқы қарыздың өсуіне және мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалануға әкелетін жүйелі проблемалар бар деп санайды.

Комитет төрағасы кездесуді қорытындылай келіп барлық салалық мекемелер, бірінші кезекте Ұлттық экономика және қаржы министрліктері айтылған ескертулер мен ұсыныстар бойынша жұмыс істеуі қажеттігін, сыртқы қарыздарды басқару мен реттеуді жетілдіру жұмыстарын жалғастыруы тиіс, деп атап өтті.