Жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келгендер төңкеріс жасауға талпынды – Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев QAZAQSTAN арнасына сұхбат берді. 

Сұхбат барысында Президент жаппай бүліктің себеп-салдары туралы сауалға жауап беріп, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасызыдыққа бармайтынын атап өтті.

«Бұл оқиғаны ел ішінде әр түрлі атап жүргенін білемін. Қалай болғанда да біз қаралы да, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық. Оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл анық нәрсе. Ашығын айту керек. Жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым халық өз туған қаласын қиратпайтыны белгілі. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Біз бәріміз көрдік. Мақсат белгілі, адамдарды өлтіру, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау,  ақыр соңында билікті құлату. Мәселе мынада: төңкерісшілер еліміздегі реформаларға, Президентке қарсы болды. Өзгерістер олардың мүдделеріне тиімді емес», – деді Мемлекет басшысы.