Аудан әкімдерінің сайлауы келесі жылы өтуі мүмкін

Келер жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтуі мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында берген сұхбатында бұл саяси науқан пилоттық жоба ретінде жасалуы керек деген. Бірақ бұл барлық әкімді ауыстыру қажет деген сөз емес. Жаңа сайланған әкім халықтың әл-ауқатын жақсартуға бар күшін салуы керек. Егер осы үдеден шыға алмаса, оның қызметтен кету мәселесін қарауға болады.

«Осы тұрғыда әкімдерді сайлау анағұрлым тиімді болады» деп санайды Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов. Оның пікірінше, былтыр ауыл әкімдерін сайлауға қатысып үйренген халық болашақта аудан деңгейіндегі басшыларын таңдауда да жаңылыспайды.

Еркін Тұқымов, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Сайлау үдерісіне өтуге ешқандай кедергі жоқ. Егер бұлай етпесек, жергілікті билік қарапайым халықты, қоғамды естімейді деген мәселе шешімін таппайды. Президент соңғы берген сұхбатында бұл мәселе талай жылдан бері бар және шешімін таппай келе жатқанын айтқан болатын. Бұл соғыс немесе бейбітшілік туралы әңгіме емес. Күнделікті күйбең тіршілікте кездесетін ұсақ-түйек дүние. Бірақ көптен бері бұқараның көкейінде жүрсе де естірге құлақ болмай ушығып кетті. Ал әкім сайланса, осы аманатты арқалайтын адам сол болады.