Елімізге жеті елден жаңа елшілер келді

Бүгін 7 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшісі Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын табыстады. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми басталуымен құттықтап, елдің ішкі және сыртқы саясаттағы бағыты туралы баяндады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Моңғолия, Грекия, Индонезия, Марокко, Израиль, Мажарстан және Канада елшілері бүгін Ақордаға келді. Мемлекет басшысына сенім грамоталарын табыстады. Арасында Канада елшісі қазақ тіліне жетік екенін аңғартты.   

Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтады. Өз Әкімшілігі мен Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сосын қаңтар оқиғасына тоқталды. Мемлекеттік төңкеріс жасауға жол берілмеді деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Қаңтар оқиғасынан кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Ел Президенті ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын ұсындым. Бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерімізден бас тартпай, өткен кезеңде жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға негізделген. Менің жасампаз жұртым бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі және өз егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға белін бекем буған халық болып шығады.

Сын сағат артта қалды. Қазір қалыпты өмірге оралдық. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Президент те мұны елшілердің қаперіне салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–Менің Әкімшілігім өз тарапынан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырады, инвестициялық келісім-шарттарға қол сұғылмауын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлықпен тоқтаусыз күреседі.  Сіздерді пандемиядан кейінгі кезеңде өздеріңіздің дипломатиялық және саяси мол тәжірибелеріңізді екіжақты қатынастарымызды жаңа биікке көтеру үшін пайдалануға шақырамын.

Жалпыдан соң Президент жалқыға ауысты. Әр мемлекетпен қарым-қатынасты жандандыруға дайынбыз деді. Мәселен, Мароккомен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға және екіжақты сауда-саттықтың аясын кеңейтуге мүмкіндік бар. Гректермен де байланыс нығая түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстандағы он мыңдаған грек диаспорасы біздің халқымыз арасындағы мәңгілік достық пен өзара тиімді іс-қимылдың символы саналады. Біз, әсіресе ауыл шаруашылығы, туризм және құрылыс салаларындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдаланамыз деп үміттенемін.

Моңғолиямен де сауда-экономикалық салада жаңа байланыс орнайды. Бұл елде жүз мыңнан астам этникалық қазақ тұрады. Ал мұны халықтар арасындағы достықтың алтын көпірі десе болады.

Дорж Баярхуу, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Моңғолия Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі санайды. Тарихи тұрғыда да қазақ елі бізге жақын. Екі халық та көшпенділер. Әдет-ғұрпымыз да ұқсас. Енді Қазақстан мен Моңғолия арасындағы саяси, экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге өз үлесімді қосуға дайынмын.

Географиялық тұрғыда алыс демесеңіз, Канада да жақынымыз. Серіктес ретінде сенімді ел. Президент те сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті, заң үстемдігі мен адам құқықтарын қамтамасыз ету ісіндегі табысты ынтымақтастықты атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан мен Канада – халқы аз болғанымен, ірі мемлекеттер. Біздің ұлттық байланысты дамыту және өңірлік теңгерімділікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттеріміз ортақ. Мен тау-кен өндіру және ауыр өнеркәсіп,  ауыл шаруашылығы мен жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым және ақылды қалалар, ақпараттық технологиялар мен аэроғарыш салаларында көптеген мүмкіндіктер бар екенін білемін.

Ал Израиль елшісіне келгенде Президент екі елдің адами байланыстарға, жан-жақты ынтымақтастыққа, ортақ құныдылықтар мен өзара мүдделерге негізделген жақсы қарым-қатынасын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Барлық деңгейдегі қарқынды іс-қимылдар, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиядағы ықпалдастық, серіктестігімізге жаңа мүмкіндіктер ашып, өзара игілімізге қызмет етеді. Қазақстан сіздің елмен арадағы жан-жақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге, әсіресе білім беру, өнеркәсіптік өндіріс, жоғары технологиялар мен басқа да салалардағы байланыстарды нығайтуға ниетті.

Эдвин Натан Ябо Глусман, Израильдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Қазақстан мен Израиль арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Біздер көптеген халықаралық ұйымға мүшеміз. Алдағы уақытта бірқатар салада ынтымақтастықтың көкжиегі кеңейеді деген сенімдеміз.

Елдістірмек елшіден. Елдер арасындағы ендігі қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратын да осы тұлғалар. Арқалап келген жүктері ауыр. Сол аса салмақты қызметтеріне Президент те табыс тілеп, мемлекеттердің басшыларына жүрекжарды сәлемін жолдады.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы