Қазақстанда цифрландыру үшін Сингапурдың тәжірибесі қолданылады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурлық PSA компаниялар тобының басшысы Тан Чон Мэнді қабылдады. Кездесу бейнебайланыс арқылы өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне тоқталып, Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізі арқылы тасымалданатын тауардың 83 проценті біздің ел аумағынан өтетінін айтты. Осыған байланысты сингапурлық компанияның тәжірибесіне қызығушылық білдірді.

Алпауыт компания басшысы Тан Чон Мэн де Қазақстанда көлік-логистикалық жобаларға инвестиция салуға ниетті екенін жеткізді. Әсіресе, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп, логистикалық қызмет көрсету, цифрлық көлік дәлізін дамыту, кедендік рәсімдерді трансформациялау үшін өзара ынтымақтастық орнатуға дайынбыз деді.

Мемлекет басшысы қос тараптың бұл бағыттағы жұмыстары жемісті боларына сенім білдірді.

Айта кету керек, сингапурлық PSA компаниясы құрлық пен теңіз порттарын басқару, көлік-логистикалық, сауда және кеден саласын цифрландырумен айналысады. Әлемнің 26 мемлекетінде 50-ден астам филиалы жұмыс істейді.