Президент санкциялардың ЕАЭО елдеріне кері әсеріне төтеп беру жолын қарастыру керектігін айтты

Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы саудасы 34 проценттен асты. Ал ішкі сауда көлемінің көрсеткіші 67 процентке жетті.

Бұл одақ ішіндегі алыс-берістің қарқын алғанын білдіреді. Одаққа мүше мемлекеттердің үкімет басшыларымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Алайда бұл қарқынды сақтап қалу қиын болғалы тұрған сынды. Өйткені тап қазір Батыс елдері Ресейге түрлі санкция салып жатыр. Мұның салқыны одаққа мүше мемлекеттерге тиері анық. Мемлекет басшысы осындай сын-қатерлерге төтеп берудің жолын қарастыру қажеттігін айтты. Алда өте күрделі жұмыстар күтіп тұрғанын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің экономикалық одағымыз белгілі себептерге байланысты санкциялық қарсылықтардың салдарынан туындайтын саяси текетірестердің күшеюіне және оның елдеріміздің экономикасы мен қаржы жүйесіне кері әсеріне алаңдаушылық білдіреді. Валюта бағамына, төлем жүйесіне, екінші деңгейлі банктерге қатысты тәуекел-қатерлер күшейе түсті. Біз Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл тек басы ғана, алда өте күрделі жұмыстар тұр. Бұл жұмыстарды Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестерімізбен келісе отырып жүргіземіз деп ойлаймын. Экономикалық, қаржылық және өнеркәсіптік жүйелердегі тығыз ықпалдастықты ескере отырып, тәуекел-қатерлерді бағалауға және жағдайдың кері әсерін төмендетуге бағытталған экономикалық шараларды әзірлеу үшін жұмыс тобын құру керек.