ҚР СІМ: Азаматтарымыз мінген автобустар кептелісте тұр

Украинадан кетуге өтініш білдірген қазақстандықтардың алғашқы легі Краковец кедендік бекетінде кептелісте тұр. Сондықтан азаматтарды ұшақпен эвакуациялаудың нақты уақыты әзірге белгісіз. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров хабарлады.

Бірінші автобуста 49 жолаушы, екіншісінде 46, үшінші көлікте 80-ге жуық адам бар. Эйр Астана ұшағы қазір Атырау әуежайында тұр. 

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Елестетіп көріңізші, Львов қаласынан Польша шекарасына дейін небәрі 100 шақырым. Ұзын-сонар кептеліс кесірінен қазақстандық жолаушылар 7 сағат жүрген. Украина тарапы шекараны жиі жауып отыр. Неге десеңіз, 18-60 жас аралығындағы украиналық ер азаматтардың шығуына шектеу салынған. Сол себепті автобустарды тексеру жұмыстарына ұзақ уақыт кетіп жатыр.

Украинадағы төтенше жағдайды пайдаланып, қалтасын қампитып жатқандар көп. Өйткені жолаушылар автобусын жалдау құны 20 мың АҚШ долларына дейін шарықтап кеткен.

Қазіргі таңда Украина аумағында 8 қазақстандық дипломат бар. Олар күндіз отандастарымызды елден шығару жұмыстарына атсалысып, кешкі уақытта жеке басының қауіпсіздігі үшін елшілік ғимаратының жертөлесінде түнеп жүр.