Украинадан эвакуациялау: жолаушылар автобусын жалдау құны 20 мың АҚШ долларына дейін шарықтап кеткен

Қазақстан азаматтарын Украинадан елімізге қайтару барысында көлікпен қамтамасыз етуде проблемалар туындады. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Смадияров айтты.

Украинадағы төтенше жағдайды пайдаланып, қалтасын қампитып жатқандар көп. Өйткені жолаушылар автобусын жалдау құны 20 мың АҚШ долларына дейін шарықтап кеткен. Қазіргі таңда Украина аумағында 8 қазақстандық дипломат бар. Олар күндіз отандастарымызды елден шығару жұмыстарына атсалысып, кешкі уақытта жеке басының қауіпсіздігі үшін елшілік ғимаратының жер-төлесінде түнеп жүр.

«Кейбір автобустар бірнеше күн кептеліске тұрып қалуы мүмкін екенін біліп жол жүруден бас тартып жатыр. Бейбіт уақытта көліктің құны қолжетімді болса, қазір бір автобус үшін 20 мың долларға дейін сұрап отыр. Сондықтан бұл мәселені біз консулдық мамандарымен бірлесіп шешетін боламыз. Азаматтарымызды шыдамдылыққа шақырамыз», – деді А.Смадияров.