Украинадағы қазақстандықтардың бір бөлігі Польшаға аман-есен жетті

Украинаның Львов қаласынан жолға шыққан отандастарымыздың алғашқы легі Польшаға аман-есен жетті.

Оларды Қазақстанның Польшадағы консулдығының өкілдері күтіп алды.

- Саламатсыздар ма, құрметті қазақстандықтар! Зовут меня Бекзат Сабитұлы. Я консул Казахстана в Польше. 

Қазір отандастарымыз Польшадағы қонақүйге орналастырылған. Әзірге нақты қанша адамның шекарадан өткені белгісіз. Кеше құзырлы мекеме 49 қазақстандық мінген автобус пен Львов қаласынан шыққан 46 қазақстандық мінген тағы бір автобустың шекарада кезек күтіп тұрғанын хабарлаған еді. Киевтен аттанған тағы 79 жерлесіміз де Польша шекарасына жеткен. Ал Киевтегі елшілік тағы 60 адамды елге аттандыруға қам жасап жатқанын да хабарлаған.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Қазіргі таңда Украина мен Польшаның шекарасын жоспарланған репатриациялық рейстің жарты жолаушысы кесіп өтті. Енді тағы екі автобус Украина тарапында тұр. Шекарадан өту кезегін күтіп отыр. Толығымен жеткізілгеннен кейін Катовице қаласының әуежайынан «Эйр Астана» әуе компаниясының репатриациялық рейсі біздің азаматтарды елге алып қайтады. 

Әзірге Украина мен Польша арасындағы жол кептелісінде қанша қазақстандықтың тұрғаны Польшаға нақты қай уақытта жететіні белгісіз. Белгілісі, бір ұшаққа мінетіндей адам жиналған кезде Польшаның Катовице қаласының әуежайына жеткізіледі. Ол жерден «Эйр Астана» бортымен Қазақстанға ұшып келуге тиіс.