Президент «Нұр Отан» партиясы атауын неге өзгертті?

Президент билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады. «Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар. Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды», – деді Президент. Сонымен не өзгереді, саяси ұйымға қандай міндеттер жүктеледі?

Осыдан тура 23 жыл бұрын елдегі ең басты саяси ұйымның іргесі қаланған еді. 1999 жылы партия атауы әуелі «Отан» болды. Ал 2006 жылдың желтоқсанындағы партияның кезектен тыс X-съезінде «Отан» республикалық саяси партиясы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, ал 2013 жылдың қазанында «Нұр Отан» партиясы болып өзгертілді. Бүгін Тарихи күні атауы да өзгерді. Бұдан былай «Нұр Отан» деген жоқ. Партия енді «Аманат» деп аталады.

Партияның кезектен тыс 22-съезінде ұйым атауын өзгерту туралы ұсынысты Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жеткізді. «Бабалар аманатына адал болуымыз керек. Сондықтан партияның атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынамыз»,– деді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

– Ашығын айтқанда, елмен бірге партиямыз да жаңғыруы керек.

Қазір тарихи кезеңге куә болып жатырмыз. Президент «Жаңа Қазақстанды» құруға кірісті. Алда мемлекет тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Ал партия барлық реформаға ұйытқы болуы тиіс. Сондықтан мемлекет басшысы «партияны да өзгертетін уақыт жетті»,– деді. Ұсынысты қолдады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын.

Қ. ТОҚАЕВ: ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН ҮЗІЛДІ-КЕСІЛДІ БАС ТАРТУ КЕРЕК

Өткен айда ауқымды сараптама жүргізілді. Нәтижесінде партия қызметіне маңызды өзгерістер қажет екені айқындалған. Осыны ескеріп, Мемлекет басшысы, партия Төрағасы алда атқарылар бірқатар міндетті атады. Ең алдымен, ұйымның  өңірдегі мүшелері орталыққа жалтақтамауы қажет. Партия аппаратының тиімділігін арттыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс.

ПАРТИЯ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕР ҚЫСҚАРАДЫ

Президент партияны қаңтардағы съезде де сын садағына алды. Кадрлы ауыс-түйіс жасау керек деді. Жасады. Бірінші орынбасардың орнына атқарушы хатшы қылып Асхат Ораловты тағайындады. Жаңадан келген Оралов та бүгін Төраға алдында партияның қалай өзгеретінін баяндады. 

Асхат Оралов партияның атқарушы хатшысы:

– Партияның жанындағы қоғамдық кеңестер қысқарады. Саяси ұйымның жарғысына өзгерістер енгізіледі. Өңірлердегі «төраға орынбасарлары» деген лауазым жойылады.

ПРЕЗИДЕНТ: ДЕПУТАТТАР АШЫҚ ПІКІР-САЙЫСТАРҒА БАРУҒА ТИІС

Президенттің Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың жұмысына да көңілі толмайды. Сондықтан бұл қызметті де жандандыру қажет деді. Халықтың проблемасы көшеде емес, Парламент пен мәслихаттарда көтерілуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруы тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын-ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек.

САЯСИ МЕНЕДЖЕРЛЕРДІ ДАЯРЛАУ ІСІ АҚСАП ТҰР

Президент айтса айтқандай. Әйтпесе бізде қалай? Партия популизмге салынатыны жасырын емес. Уәде беріледі, бірақ, көп жағдайда орындалмайды. Бұл жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Сондықтан ірі саяси ұйымды өзгертуді Мемлекет басшысының өзі қолға алды. Бүгінгі съезде,,,, сайлаушылармен кері байланысты күшейтуді осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалануды» тапсырды. Сосын... Сосын партия ішінен білікті, сөзі мен ісі үйлескен азаматтарды іріктеу керек екенін айтты. Әйтпесе, ашығын айтқанда...

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Ашығын айтқанда, қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Партия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет.

Қ. ТОҚАЕВ УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

Орталық аппарат жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуге тиіс. Президент айтқандай, «Аманат» – озық ойлау мен әділдіктің, бірлік пен дамудың партиясына, бастысы ел мүддесін ескеретін  ұйым болуы керек. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы мәселеге де арнайы тоқталды. «Қырғи қабақ болған бауырлас екі елді татуластыру үшін Қазақстан арағайын болуға әзір»,– деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз. Басқа жол жоқ. Бейбітшілік болмаса, даму да жоқ.

Аумалы-төкпелі шақта сын-қатерге төтеп беру үшін Президент бұған дейін Үкіметке бірқатар міндет жүктеді.  Елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету әсіресе осы кезеңде өзекті. Санкциялардың салқынына дайын болу керек. Президент съезд соңында «қиындықтар мен сынақтарды бірге еңсереміз» деп елге сөзін арнады. Жұртын сабырға шақырды. Ал, мемлекет қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты үшін өзінің аянып қалмасын айтты.

Қорған Қонысбайұлы