БҰҰ Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалады

БҰҰ Қазақстандағы реформаларды жоғары бағалады

Швейцарияға жұмыс сапары барысында еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Адам құқытары жөнінде БҰҰ-ның жоғарғы комиссары Мишель Бачелетпен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар Адам құқытары жөнінде БҰҰ-ның Кеңесіндегі Қазақстан мүшелігі және Адам құқықтары жөнінде БҰҰ-ның Жоғары комиссар басқармасы делегациясының Қазақстанға жасаған сапарының қорытындыларын талқыға салды. Қаңтардағы оқиғаларды тергеу бойынша бірлескен іс-қимыл және өзге де нұсқауларды жүзеге асырудың «Жол картасы» жасалды. Мишель Бачелет Қазақстан үкіметінің жүргізіп жатқан жұмысын жоғары бағалап,  саяси реформаларды жүзеге асыруына адам құқықтарын қорғаушы ұлттық институттарының қатысуының маңыздылығы атап кетті.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР сыртқы істер министрі:

– Қаңтарда болған оқиғаларды тергеу барысымен таныстырдым. Әрине олар осы тергеудің алғашқы қорытындыларын күтіп отыр. Сондай-ақ Қазақстанның Бас прокуратурасы қарастырып жатқан тұтқындарды азаптау жағдайларын талқыладық. Жоғарғы комиссардың кеңсесі БҰҰ-ның арнайы процедуралар тетігін қолдануға көмек беруге дайын. Қазақстанда өткізіліп жатқан саяси реформалар жөнінде Жоғарғы комиссарға ақпарат бердім. Олар жаңа саяси реформалар жарияланатын Президентіміздің үндеуін асыға күтеді және демократияны дамытуға деген ниетімізді толық қолдап отыр.